Тоқаев «Атлетико» басшысымен Қазақстандағы футболдың дамуын талқылады

Қазақстан испаниялық футбол мектебінің тәжірибесін пайдаланбақ

Ақорда
Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Мадридтің «Атлетико» футбол клубының бас директоры Мигель Анхель Хиль Маринді қабылдады. Кездесуде Қазақстан мен испаниялық клуб арасындағы ынтымақтастықты дамыту, футбол инфрақұрылымын жетілдіру және жас ойыншыларды даярлау мәселелері талқыланды.

Президент «Атлетико Мадрид» клубымен орнаған ынтымақтастықты жоғары бағалап, Мигель Анхель Хиль Мариннің Қазақстанға сапары серіктестікті жаңа деңгейге көтеруге жол ашатынын атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, Қазақстанда заманауи футбол инфрақұрылымын дамытуға, жаттығу базаларын салуға және жас футболшыларды даярлау бағдарламаларын жетілдіруге басымдық беріліп отыр. Сонымен қатар елдегі футбол клубтарын жекешелендіру жұмыстары жалғасуда.

Мемлекет басшысы FIFA ұйымымен бірлесіп, еліміздің барлық өңірінде балаларға арналған 100-ден астам жаңа футбол алаңын салу қолға алынғанын да айтты.

Кездесу барысында Президент Испания құрамасының жетістіктері мен испаниялық футбол мектебінің тәжірибесіне тоқталды. Оның сөзінше, бұл тәжірибені жан-жақты зерделеп, Қазақстанда дарынды жас футболшылардың жаңа буынын тәрбиелеу үшін пайдалану маңызды.

Өз кезегінде Мигель Анхель Хиль Марин Қазақстанда футболды дамытуға ерекше көңіл бөлгені үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Сондай-ақ ол Алматы облысында салынып жатқан «Атлетико Мадрид» академиясының инфрақұрылымын жоғары бағалап, болашақта бұл нысан футболшыларды даярлайтын үздік оқу-жаттығу кешендерінің біріне айналатынына сенім білдірді.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам