Жаңа ЖБ Шоу! Қайрат - Брюгге!

Comic Con Astana 2026: кино, комикстер, бейнеойындар және киберспорт әлемі

Бүгін, 15:01

Бұл күндері Астанаға әлемдік кино өнерінің жұлдыздары келеді

Comic Con Astana 2026: кино, комикстер, бейнеойындар және киберспорт әлемі
Comic Con Astana

6-9 тамыз аралығында Астанада кино, комикстер, аниме, бейнеойындар, киберспорт және заманауи поп-мәдениет әлемінің басын қосатын бесінші мерейтойлық Comic Con Astana фестивалі өтеді.

Биыл фестиваль қонақтарын жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайтын халықаралық косплей байқауы, ауқымды көрме аймағы, түрлі таныстырылымдар, фото және қолтаңба сессиялары, бейнеойындар мен үстел ойындары бойынша турнирлер, шақырылған әртістердің өнері, мерч жәрмеңкесі күтеді.

Жылдағыдай іс-шара екі ғимаратта өтеді. «Алау» мұз сарайында тақырыптық аймақтар, компаниялар мен серіктестердің стендтері, ойын алаңдары, түрлі таныстырылымдар, интерактивті бағдарламалар және қонақтарға арналған ойын-сауық аймақтары орналасса, Barys Arena кешенінде фестивальдің басты іс-шаралары ұйымдастырылып, хедлайнерлермен кездесулер өтеді.

2026 жыл Comic Con Astana үшін гик-мәдениет жанкүйерлерінің басын қосып қана қоятын мерейтойлық дата емес, әлемдік кино жұлдыздарды қазақ елімен, қазақ жерімен таныстырып, қазақстандықтармен дидарласып, пікір алмасуға мүмкіндік жасайтын керемет дәстүрдің жалғасы болмақ.

Себебі, Comic Con Astana 2026 өз тарихында алғаш рет бір фестиваль аясында әлемдік деңгейдегі төрт хедлайнерді бір алаңда жинайды.

Мәдени басқосудың алғашқы хедлайнері ретінде «Тақтар ойыны» сериалындағы Джейме Ланнистер рөлі арқылы әлемге танылған даниялық актер Николай Костер-Вальдау жарияланған болатын. Оның фильмографиясында «Қара сұңқардың құлауы», «Аспан патшалығы», «Обливион», «Мысыр тәңірлері», «Мама», «Бос кеңістікке оқ», сондай-ақ «Оның маған айтқан соңғы сөзі» және «Патша мен жаулаушы» сериалдары бар.

Comic Con Astana қонақтарының қатарында тағы бір әлемге танымал актер Иньяки Годой болады. Ол Netflix платформасының ең сәтті жобалардың бірі саналатын One Piece сериалында басты кейіпкер Манки Д.Луффиді сомдап, жас ең танымал актерлердің біріне айналды. Бұдан бөлек, ол «Жетілмегендер», «Сараны кім өлтірді?» секілді сериалдар арқылы да көрерменге жақсы таныс.

Сонымен қатар, фестивальдің басты қонақтарының бірі One Piece сериалындағы Санджи рөлін сомдаған актер Таз Скайлар болмақ. Ол сомдаған Санджи бейнесі бүкіл әлемдегі франшиза жанкүйерлерінің жоғары бағасына ие болған болатын. Киносүйер көпшілікке актер «Boiling Point» фильмі мен сериалы, «Cleaner» экшн-триллері, «The Kill Team» әскери драмасы және «Agatha Raisin» детективті-комедиялық сериалы арқылы да таныс.

Актерлік мансабынан бөлек, Скайлар сценарист, режиссер және продюсер ретінде де танылған. Сонымен қатар ол экстремалды спорт түрлерімен белсенді айналысады.

Шілде айының соңында, ұйымдастырушылар төртінші қонақты таныстырды. Ол «Peaky Blinders» британдық сериалының негізгі кейіпкерлерінің бірі, қазіргі телевизиядағы ең танымал әрі есте қаларлық кейіпкерлердің бірі Артур Шелбидің рөлін сомдаған әлемге танымал Пол Андерсон.

«Peaky Blinders» сериалынан бөлек, Пол Андерсон «Sherlock Holmes: A Game of Shadows», «Legend», «The Revenant», «In the Heart of the Sea», «Nightmare Alley» фильмдерінде және басқа да халықаралық жобаларда рөл сомдаған.

Гик-мәдениет мерекесінде актерлер басты сахнада шығармашылық жолы мен танымал кинотуындылардағы жұмысы туралы әңгімелейді, жанкүйерлерінің сұрақтарына жауап береді, қолтаңба тарату мен фотосессияларға қатысады.

Халықаралық кино жұлдыздарымен қатар Comic Con Astana 2026 фестиваліне танымал блогерлер, контент авторлары мен әлемдік косплей индустриясының өкілдері де келеді. Олардың қатарында әлемге әйгілі Kamui Cosplay косплей-дуэті, кәсіби косплеер әрі ірі халықаралық косплей фестивальдерінің қазылар алқасының мүшесі Leon Chiro, Comic Con Astana 2025 байқауының Гран-при иегері Grafomanka және K-pop хореографы Jay Kim, Даня Крастер, Jane Kravitz, Karrambaby, Dobryak, Dalbek, FixEye, Егор Шкред және Nowkie бар.

Айта кетерлігі,  Marvel, DC, Image және басқа да әлемдік ірі баспалармен жұмыс істейтін италиялық суретші Паоло Панталена да биыл Астанада Comic Con шарасының басты қонағы болады.

Сонымен қатар, Comic Con Astana 2026 сахнасында Қазақстанда өткен Silk Way Star халықаралық телевизиялық вокалдық байқауында Корея Республикасының атынан өнер көрсеткен оңтүстіккореялық Kandis K-pop тобы сахнада өнер көрсетеді деп жоспарлануда.

Comic Con Astana фестивалінің дәстүрлі, әрі ең ауқымды бөлімі – халықаралық косплей байқауы. Жыл сайын әлемнің үздік косплейшілері бас қосатын байқаудың биылғы жүлде қоры 20 миллион теңгені құрайды. Орталық Азиядағы ең ірі заманауи поп-мәдениет фестивалінің басты байқауы қазіргі уақытта өңірдегі ең ірі косплей турнирлерінің бірі саналады. 

Фестиваль өткізілген бес жылда хедлайнерлер ретінде елімізге Мадс Миккельсен, Энди Серкис, Пилу Асбек, Скотт Эдкинс, Эсай Моралес, Майкл Рукер, Шон Ганн, Перси Хайнс Уайт және Александр Кузнецов арнайы шақыртумен келіп, қазақ халқының бай мәдениетімен, ұлттық салт-дәстүрлерімен және қонақжайлығымен танысты. Сондай-ақ олар ұлттық тағамдардан дәм татып, қазақтың музыкасы мен өнері туралы мағлұмат алып, қазақстандық жанкүйерлермен жүздесті. Мұндай кездесулер Comic Con Astana шарасын заманауи поп-мәдениет пен ұлттық құндылықтар тоғысатын халықаралық алаң ретінде танытуға мүмкіндік береді.

Бұл туралы не ойлайсыз?
Ұнайды 2
Ұнамайды 0
Күлкілі 0
Ашулану 0

Материалда:

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам