
Ол дзюдошы кезінде де айтарлықтай жетістікке жеткен
Еліміздің дзюдо құрамасына былтыр шақырылған шетелдік маман Энцо Гамбаның жұмыс істеу тәсілін сынаған қазақстандық бапкер Елдос Жұмақановқа ҰОК президент Геннадий Головкин құрмет грамотасын табыстады.
Бұл туралы Жұмақановтың өзі әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық Олимпиадалық комитетінің мақсаттарын жүзеге асыруға көрсеткен қолдауы мен елеулі жетістіктері үшін құрмет грамотасымен марапатталдым. Көк Туымыз әлем және Олимпиада тұғырларында желбірей берсін. Қолдауларыңызға көп рақмет», - деді ол.
Естеріңізде болса, Жұмақанов былтыр Қазақстан құрамасына шақыртылған шетелдік маман Эцио Гамба туралы пікір білдіріп, оның әрекетін ащы сынға алған болатын. Оның пікірінше, Гамба ұлттық құрамаға келгенімен, кеңесші ретінде қашықтықтан жұмыс істеп жатқан көрінеді.
Елдос Жұмақанов бірнеше жыл бойы ұлттық құрама сапында 66 келі салмақта белдескен. Отандасымыз екі мәрте әлем чемпионатында бесінші орынға тұрақтаса, 2018 жылы Индонезияда өткен Азия ойындарында қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, Азия чемпионаттарында 4 мәрте жүлдеге ие болды.