
Бұл жайында IJF президентінің кеңесшісі, кәсіпкер әрі меценат Алмаз Әлсенов мәлім етті
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов Халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) Директорлар үйлестіру комитетінің мүшесі болып сайланды. Бұл комитет дзюдоның жаһандық деңгейдегі стратегиялық дамуы мен халықаралық ынтымақтастығын үйлестіретін маңызды орган саналады.
Бұл жайында IJF президентінің кеңесшісі, кәсіпкер әрі меценат Алмаз Әлсенов өзінің X (бұрынғы Twitter) әлеуметтік желісіндегі парақшасында хабарлады. Айта кетейік, Алмаз Әлсенов 2023 жылдан бері осы қызметті атқарып келеді.
IJF Директорлар үйлестіру комитеті – ұйымның негізгі стратегиялық құрылымдарының бірі. Ол халықаралық спорттық саясатты қалыптастырып, дзюдоның құрлықаралық деңгейде өркендеуіне және континенттік одақтармен өзара байланыстардың тиімді жүзеге асуына жауапты. Комитет құрамына спорт, басқару және халықаралық қатынастар саласында мол тәжірибесі мен зор беделі бар жоғары деңгейдегі өкілдер енеді.
Айта кетейік, бұған дейін Мемлекет басшысының баспасөз хатшысы Руслан Желдібайдың IJF-тің жаңа технологиялар және тиімділікті арттыру жөніндегі комиссия құрамына енгенін жазған едік.