
Ол жыл басынан бері 4 жарысқа қатысып, үшеуінде топ жарды
Қазақстанның ең даңқты балуан қызы Жәмила Бақбергенова осымен төртінші рет Азия чемпионы атанып отыр. Иорданияда өтіп жатқан құрлық біріншілігінде 72 келі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз қарсылас шақ келтірген жоқ.
Жәмиланың айтуынша, Азия чемпионатына биыл ол ерекше дайындалыпты. Жарыста бабы мен бағының қатар шапқаны да сондықтан. Жартылай финалдағы жапон қызымен болған белдесу ауыр болды демесеңіз, қалған қарсыластарын ол аса қиындықсыз жеңіп шықты.
«Жапон балуаны Фируши Масакомен болған белдесу өте қиын болды. Соңғы сәтте ғана жеңісті жұлып алдым. Бұл кездейсоқ жеңіс емес, бұл – менің және бапкерімнің тынымсыз еткен еңбегіміздің жемісі. Біз Иорданияға өте жақсы дайындықпен келдік және чемпион болудан өзге мақсатым болмады», - деді Жәмила 1bol.kz тілшісіне берген сұхбатында.
Айта кету керек, Бақбергенова жыл басынан бері төрт жарысқа қатысып, соның үшеуінде топ жарды.
«Жыл басталғалы Беларусьте, Алматыда (PWL), Албаниядағы рейтингтік турнирде және бүгінгі Азия чемпионатында күрестім. Албаниядағы рейтингтік бәсекеде аздап қиын болды. Өйткені, 1 айда үш жарысқа қатысып, шаршағаным білінді. Ал, осы Азия чемпионатына бапкерім бабымда әкелді», - деді даңқты балуан.
Айта кетейік, Жәмила Бақбергенова әлем чемпионатында да төрт рет жүлде алған. Оның үшеуі – күміс, біреуі – қола.