
Олар елордалық ұжыммен өткен матчтан соң төрешілер тарапына ауыр айып таққан еді
«Қайсар» футбол клубының бас бапкері Виктор Кумыков «Астанамен» болған ойында (ҚПЛ, 7-тур) қызылордалық клуб қақпасына тағайындалған пенальтидің әділ болғанын мойындады.
Бұған дейін Кумыков аталған матчта төрелік еткен арбитр тарапына ауыр айып тағып, белгіленген пенальтилерге қатысты күмән келтірген еді. Алайда, арада бірнеше күн өткен соң ол өз сөзінен айнып отыр.
«Өкінішке қарай, баспасөз конференциясында эмоцияға ерік бердім, оған ашу қосылды. Айтылған сөздерім үшін кешрім сұраймын. Ойынды қайта көріп, екі пенальти де дұрыс болғанын мойындаймын. Одан қалды, «Астананың» отандық футболдың көшбасшыларының бірі екенін, халықаралық аранеларда еліміздің абыройын асқақтатып жүрген ұжым екенін айтқым келеді. Айтқан сөздерім клуб пен ойыншылардың кәсібилігіне келтірілген күмән еместігін еске саламын», - деді ол.
Еске салайық, ҚПЛ-дің жетінші туры аясында «Қайсар» өз алаңында «Астананы» қабылдап, 1:1 есебімен тең тарқасқан еді. Бұл матчта төреші қызылордалық клуб қақпасына екі пенальти белгіледі. Алғашқысын бірінші таймда Джеффри Чинеду соға алмаса, екіншісін 88-минутта Назми Грипши қақпаға дарыта алмады. Десе де, төреші «Қайсар» қақпашысының ереже бұзғанын айтып, пенальтиді қайта тепкізді. Бұл жолы Грипши гол соғып, есепті теңестірді.