
Осыдан екі жыл бұрын Азия чемпионатын жеңіп алған болатын
Қазақстандық еркін күрес шебері Болат Сақаев Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанды. 86 келіде күрескен отандасымыз финалда 18 жастағы ирандық Рахмани Фироузаеиден ірі есеппен жеңілді (11:4).
Болат Сақаев жарысты ширек финалдан бастады. Бұл кезеңде ол моңғолиялық Батбилгүүн Наадамбаттан айласын асырған (5:3).
Жартылай финалда Қытай спортшысы Нан Саоны бет қаратпай жеңді (12:1)
32 жастағы қазақстандық балуанның бұл Азияда алған екінші жүлдесі. Осыдан екі жыл бұрын Астанадағы құрлық біріншілігінде алтын жүлдеге қол жеткізген болатын. Ол кезде Болат 79 келіде күрескен болатын.
Болат Сақаев – еркін күрестен Қазақстандағы тәжірибелі балуандардың бірі. 2018 жылдан бастап ұлттық құрамаға қосылған. Алғашында мансабын 74 келіден бастаған. Кейіннен 79 келіге салмағын көтерді. Ал, биыл толықтай 86 келіге ауысты. Бір ай бұрын осы салмақта Тиранадағы рейтингтік жарыста күміс медаль жеңіп алды.