
Екеуі де 21,1 шақырымды бағындыруға бел буған
Алматыда өткен дәстүрлі марафонда тағы да адам шығыны тіркелді. Бұл жолы екі қатысушы өзін нашар сезініп, артынша көз жұмған деп хабарлады ұйымдастырушылар.
20 сәуірде өткен Almaty Half Marathon жарысында 84 жастағы Аққоян Рсалиев пен 21 жастағы Нұрбол Ахмадидің қайтыс болғаны хабарланды. Екеуі де 21,1 шақырымдық жартылай марафонға қатысқан.
«Марқұмдардың екеуі де марафонға тұрақты түрде қатысып келген. Дәрігерлер оларға дер кезінде көмек көрсеткенімен, өмірін аман алып қалу мүмкін болмады», - делінген ұйымдастырушылар тартақан хабарламада.
Алғашқы оқиға марафон басталған сәтте-ақ болған екен. Жарысты енді бастаған Аққоян Рсалиевтің құлағаны туралы ақпарат полицияға 8:15-те хабарланған. Арада бір минут өткенде оған дәрігерлер бригадасы келіп көмектеспек болған. Бірақ, олар қарияның бірден қайтыс болғанын анықтаған.
Ал, 21 жастағы Нұрбол Ахмади 16 шақырым жүгіргеннен кейін өзін нашар сезініп, есін жоғалтып алған. Ол да дәрігерлер келгенге дейін қайтыс болып кетті.
Ұйымдастырушылар марқұмдардың туған-туыстарына материалдық көмек көрсетілетінін айтты.