Ақжүрек Таңатаров Олимпиададан кейін сыйақысын ала алмай жүрген спортшыларды сынға алды

24.04.2025, 22:53

Таңатаров: Спортшыға берілген сыйақы – халықтың салығы мен зейнетақы қорларынан жиналған ресурс

Ақжүрек Таңатаров Олимпиададан кейін сыйақысын ала алмай жүрген спортшыларды сынға алды
Видеодан кадр

Елімізде бірнеше күннен бері Париж Олимпиадасының жүлдегерлеріне берілетін сыйақы мен пәтерлердің әлі берілмегені қызу талқыға түскені белгілі. Аталған жағдайға қатысты еркін күрестен Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері Ақжүрек Таңатаров спортшылардың Париждегі ойындардан кейін мемлекет тарапынан берілуі тиіс сыйақының кешігуіне қатысты шағымдарын сынға алды.

Белгілі балуан Sportburo.kz-ке берген сұхбатында аталған жағдайдың допинг жанжалдарымен қандай байланысы бар екенін алға тартып, мәселеге қатысты пікір білдірген.

«Қазақстанда Олимпиада жүлдегерлері ешқашан ескерусіз қалған емес. Біздің еліміз спортшыларға қаржылай қолдау көрсету жағынан әлем бойынша үздік ондықтың қатарына кіреді. Алайда, бір нәрсені түсінуіміз керек. Бұл қаражат – жай ғана мемлекеттік ақша емес, бұл – халықтың салығы мен зейнетақы қорларынан жиналған ресурс. Сондықтан бұған ерекше жауапкершілікпен қарау қажет», – деді Таңатаров.

Таңатаровтың пікірінше, Лондон Олимпиадасынан кейінгі ащы сабақ Қазақстанды сыйақы төлеу жүйесін қайта қарауға мәжбүр еткен.

«2012 жылғы Олимпиададан кейін бірден барлық жүлде иелеріне сыйақылар төленді. Кейін ауыр атлетикада төрт алтын медаль допинг ережелерінің бұзылуына байланысты кері қайтарылды. Ал сыйақылар әлдеқашан беріліп қойған еді. Сол кезде бұл қаржыны қайтарудың заңдық тетігі болмағандықтан, мемлекет қаражатты қайтара алмады. Бұл жағдайдан кейін жүйені өзгертуге қажеттілік туды.  Қазіргі уақытта заңнамаға өзгерістер енгізіліп, енді сыйақылар допинг сынамаларының ресми нәтижелері шыққанға дейін, яғни бір жылға дейін кешіктіріліп берілуі мүмкін. Бұл — орынды шешім. Себебі, допинг анықталған жағдайда мемлекет миллиондаған қаржысынан айырылып қалуы мүмкін», – деді ол.

Жамбылдық спортшы еліміздің олимпиада жүлдегерлеріне мемлекет тарапынан да, жеке сектор тарапынан да лайықты қолдау көрсетілетінін жеткізді.

«Олимпиада жүлдегерлерінің шағым айтып, ренжитін жөні жоқ. Маған Лондон Олимпиадасынан кейін 75 мың доллар мен облыс әкімінен көлік берілді. Бұл мені толық қанағаттандырды. Қазір спортшылар ай сайын 1 миллион теңгеден кем емес жалақы алады. Ал чемпиондардың айлық еңбекақысы 3-4 миллион теңгеге дейін жетеді. Сонымен қатар, Олимпиададан кейін кәсіпкерлер мен жергілікті билік өкілдері пәтер, көлік сыйлап, жатады. Тіпті жүлде алмаған спортшылардың өзіне ынталандыру сыйақысы беріледі. Бүгінгі таңда Қазақстанда көптеген адам осындай табысты армандайды. Сондықтан, менің ойымша, мемлекетке ренжу орынсыз», – дейді балуан.

Париж Олимпиадасында дзюдодан Елдос Сметов чемпион атанса, бокстан Нұрбек Оралбай, спорттық гимнастикадан Нариман Құрбанов, грек-рим күресінің балуаны Демеу Жадыраев күміс жүлдегер атанды. Сондай-ақ, боксшы Назым Қызайбай, дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев, нысана көздеушілер Ислам Саптаев пен Александра Ле қола жүлдеге ие болды.

×
Жаңалықтар Футбол Хоккей Бокс MMA Теннис Баскетбол Ұлттық спорт Матч-болжам