«Көрсең құсқың келеді»: Белгілі журналист Қазақ күресінің клоунадаға айналғанын айтты

Редактор
27.10.2023, 16:57

Ешбір ұлт өзінің ұлттық спортын былай мазақ қылмайды

скрин: "Хабар" телеарнасы

Спорт журналисі Аслан Каженов «Хабар» телеарнасынан көрсетілетін «Өнер барысы» жобасын сынға алды. Қазақ күресін насихаттауға арналған тележобада ұлттық спортты мазақ қылып, қорлап жатыр дейді ол.

Атап айтқанда, спорттық жарысқа артистер шығып, боз кілемді көңіл көтеру алаңына айналдырған.

«Бір белдесудің өзінде «сүйкімді қанішер», «холодильниктер күресі» не «смело айырып тастаймын» деген әңгімелер айтылып жатыр. Соңына дейін көре алмадым. Мына түрімізбен жақын болашақта адам болмаймыз», - деп жазды журналист өзінің Facebook-парақшасында.

Ол сондай-ақ, Қазақ күресін бұған дейін ұлықтау үшін атқарылған жұмыстардың бәрі желге ұшқанын айтып отыр.

«Кезінде осы қазақ күресін қайтадан аяққа тұрғызып, оны, тіпті, Азия және Олимпиада ойындарына қосқысы келді. Қаншама жұмыс атқарылды? Қанша қаражат шашылды? Ал, мыналар бәрін сызып тастады ғой. Дәл осы форматтағы күресті ешбір жарыс бағдарламасына қоспайды», - дейді Аслан Каженов.

Сөзінің соңында ол спорт жанашырларын мынадай «сұмдықты» тоқтатуға шақырды.