«Аурудан айықпай жатып күрестім»: 10 күнде екі жарыстан жүлде алған Бақбергенова сырын айтты

Редактор
18.10.2023, 13:54

Оның тамағы ауырып, ыстығы көтерілген

olympic.kz

Он күн уақыт ішінде әлем чемпионаты мен Азия Ойындарына қатысып, қос жүлде иеленген қазақстандық балуан қыз Жәмилә Бақбергенова Сербиядағы сында ауырып жүріп күрескенін жеткізді.

Спортшы бұл туралы «Жанкүйер» жобасына берген сұхбатында мәлімдеді.

Сербияда өткен әлем чемпионатында әйелдер күресінен 72 келіде қола медаль иеленген ол жарысқа тамағы ауырған күйде барған. Соған қарамастан күресіп, жүлдегер атанды.

«Әлем чемпионатының алдында Астанада оқу-жаттығу жиындары өтті. Суық суды бір ұрттадым. Сол сәтте сыңарым Мәдина тоқтатты. Ішкен жоқпын, жай суық па, суық емес пе екенін көрдім деп айттым. Тек бір жұтым ғана еді. Келесі күні ангинам ауыра басталды. Бірақ соған қарамай жаттығуды жалғастыра бердім. Түнде ұйықтай алмай жүрдім. Сөйтіп, әлем чемпионатына аттанып, күресетін күні ангинам басылғандай болды», - дейді Жәмилә Бақбергенова.

Дегенмен, сырқаттың сызы балуанға күрес кезінде қатты сезілген. Соған қарамастан бар күшін салған ол үшінші жыл қатарынан әлем біріншілігінің жүлдесіне қол жеткізді.

Белградта әлем чемпионаты аяқтаған соң арада тура он күн өткенде Жәмила Бақбергенова Қытайда өткен Азия Ойындарында күресіп, күміс жүлдегер атанды. Бұл сында жоғары салмаққа ауысып күрескен ол финалға дейін барлық қарласынан басым түсті.