Және олар қарапайым азаматтар емес, танымал тұлғалар
Осыдан бірер ай бұрын елордадағы спорт мектебіне Бекзат Саттархановтың есімі беріледі деген едім. Бастаманы сол мекеменің басшылары көтерді. Ұсыныс ә дегеннен қабылданды. Бірақ, неге екенін қайдам, әлі қаралмай жатыр. Жарайды. Оның өзіндік реті бар шығар. Заңмен белгіленген тәртіппен және заңда бекітілген уақытта оң шешімін табады деп үміттемін.
Менің айтпағым, осы бастаманы қызғанып, олимпиада чемпионының атын беруге қарсылар табылып жатыр. Алып-қашпа әңгіме көбейді. «Бекзат Саттархановтың атын қайтеміз? Ол - Түркістанның тумасы. Одан да осы жақтан шыққан Анатолий Храпатый есімі берілмей ме?» - дейді екен. Анау-мынау емес, көпшілікке танымал адамдар. Спорттағы айтулы тұлғалар. Солардың өзі осылай дегесін, болды ғой. Өте өкінішті.
Бекзат – тек Түркістанның ғана емес, бүкіл қазақ еліне ортақ тұлға. Өйткені, ол олимпиадаға Қазақстан атынан барды. Қазақстан туын көтерді. Оның үстіне тәуелсіздік алған жылдардағы алғашқы ірі жеңістің бірі. Соның символы сияқты болып кетті. Бұған қоса, ол 20 жасында топ жарды ғой. Оның өзі ерекше жағдай. Ерекше құбылыс. Айта берсе көп. Қалай болғанда да, оған ешкімнің күмәндануға қақы жоқ. Тек Астанада емес, Қазақстанның бүкіл қаласында Бекзат Саттарханов атындағы бокс залы не спорт мектебі болса, артықтық етпейді.
Храпатыйға қатысты. Оған ешқандай да қарсылық жоқ. Құдайым-ау, Астананың өзінде 14 спорт мектебі бар ғой. Шертіп жүріп, кез-келгеніне бере бер. Оны именно Бекзат Саттархановтың аты берілетін жерге тықпалағаны нес? Бұл қай сасқандарың? Қазаққа сырттан жаудың керегі жоқ. Осылай өз-өзімізді құртып бітеміз. Бұған дейін айтып жүрмін, тағы айтайын. Мына түрімізбен жақын болашақта адам болмаймыз...