Хави – дәл қазіргі «Барселона» үшін тәуір бапкер

11.04.2024, 16:07

Каталондық клуб Чемпиондар лигасының ширек финалында ПСЖ-ны сырт алаңда жеңді

Getty Images

«Барселона» атам заманнан орталық жартылай қорғаушыларына арқа сүйеген команда. Бірақ былтырдан бастап эпидемия басталды. Жартылай қорғаушылары бірінен соң бірі жарақат алып жатыр. Гави сынды. Педри бірде бар, бірде жоқ. Френки де Йонг маусымның жартысын лазаретте өткізді. Ориоль Ромеу үмітті ақтамады, оның орнын қорғаушы Андреас Кристенсен басты. Әзірге жарақаттан ада – іздегенде табылатын Илкай Гюндаган ғана.

Міне, сол үшін де Хави осы маусымда орталық жартылай қорғаушылар линиясын 25 рет өзгертуге мәжбүр болды. Тұрақтылық жоқ. Испания кубогынан ұшты, Ла Лига үшін тартысқа кеш ұмтылды. Жалғыз үміті – Чемпиондар лигасы. Жартылай финалға шығатын мүмкіндік туып отыр. Әрі қарай футболда бәрі мүмкін.

Хави отставкаға кететіні жайлы мәлімдеме жасағаннан кейін нәтиже түзелді. Бекер емес. Артық қысым мен сыннан құтылды. Қалағанынша ротация жасауға кірісті: «Хавижанның өз еркі – қайдан құлақ шығарса». Пау Кубарси дейтін вундеркинд пайда болды. Андреас Кристенсенге жаңа функция жүктеді. Фермин Лопес те негізгі құрам ойыншысына айналды.

Хави сылтау іздеген жоқ, мүмкіндік іздеді. Қолда бар ойыншыларын жеке-жеке дамытты. Командада сөзін тыңдайтын, тілін алатын ойыншылар шоғырын құрды. Идеясын футболшылардың санасына сіңірді. Бапкер мен ойыншылардың ойы бір жерден шығып, ішкі атмосфера да гүлдеп сала берді. Бәрі Хавидің еңбегі, бапкерлік штаб жұмысының жемісі.

Қысқы трансфер маусымында Витор Роке дейтін жас шабуылшы қосылды. Роберт Левандовскийге альтернатива керек. Ротация үшін маңызды. Бірақ Витор Роке әлі адаптация үстінде, келесі маусымда мықтап кірісетін сияқты (Неймар да алғаш Еуропаға келгенде абдырап қалған, Роке үшін де климатты толық сезінуге уақыт керек).

Хави командада қалғысы келеді, сол үшін клуб басшылығына жазғы трансфер кезінде Йозуа Киммих, Бернарду Силва және Мартин Субименди үшеуін алдыртуды сұрап отыр. Үшеуін бірдей әкелу қиын, бірақ Мартин Субименди мен Бернарду Силва қажет-ақ. Субименди орта сақаға айналса, Силва шабуылдағы креативке тікелей жауапты болатын адам. Бускетстің орнын басатын – үнемі баланс үстайтын бір адам қажет.

Хави командада қалу үшін осы ЛЧ-да кемі финалға жетуі керек. 9 жыл бойы ЛЧ жеңбеген команда үшін ғажап көрсеткіш. Одан бөлек, «Барселона» академиясында қыруар жұмыс атқарылып жатыр. Ондағы вундеркиндтерді тану үшін Хави сияқты «Барселона» философиясын қанып ішкен жүрек көзі керек.

Егер «Барселона» Юрген Клопп, Пеп Гвардиола, Хаби Алонсо секілді бапкерлерді алдыра алмайтын болса, Хавиді командада қалдыра бергені де жөн. 100 миллион тұратын трансфер сұрамай-ақ клубты алға сүйреп келеді. Талантты сырттан емес, іштен іздеп жатыр.

Ал, енді кешегі матчқа оралсақ. ПСЖ бірінші таймда соншалықты үрей туғыза алмады. Сосын екінші таймда Килиан Мбаппе мен Усман Дембеле күшін біріктіріп, сол қапталмен шабуылдады. Брэдли Барколяның шығуымен ПСЖ-ның оң қапталына жан бітті. Осы кезде «Барселона» ойыншылары абдырап қалды. Есін жиғанша 2 гол жіберіп алды. Сосын тез жиналып, қайта сапқа тұрды.

Хавидің джокерлік жүрісі де жемісін берді. Педри шыға салып ассист жасады, Кристенсен қосыла салып гол салып кетті. Рафинья дубль жасады. Бірақ кешегі матчтың үздігі ретінде Илкай Гюндоганды ерекше атар едім. Команданың миы, ойынның ырғағын керемет сезеді. Ортадағы барометр – баланс.