Өзбекстан құрамасында күресіп жүрген қазақ қыздары туралы не білеміз?

30.04.2024, 10:59

Олардың бірі биыл Олимпиадаға барады

Olympic.uz

Қыздар күресінен Өзбекстан құрамасында өнер көрсететін балуандар арасында бірнеше этникалық қазақ спортшысы бар. Олардың дені осыған дейін Республика біріншілігінде топ жарып, ұлттық құрама сапына қосылып үлгерген.

Таяуда Бішкекте өткен Олимпиадаға іріктеу турнирінде 50 келіде жолдамаға ие болған Ақтеңге Кеунімжаева өзінің қазақ екенін сұхбатында айтқан болатын. Бүгінде көрші елдің спортшылары арасында Қарақалпақстанда тұратын қандастарымыз көп. Қазіргі уақытта әйелдер құрамасы бойынша 6 қазақ балуаны белдесіп жүр.

Ақтеңге Кеунімжаева 50 келіде Азия чемпионатында бірнеше рет жүлдегер атанған спортшы. Ол 2019-2023 жылдары үш мәрте қола жүлдеге ие болған. Сондай-ақ, соңғы өткен Азия ойындарында да үздік үштіктің қатарына қосылды. Бұдан бөлек, ол 2021 жылы өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында финалға дейін жетіп, күміс медальға ие болды.

Ақтеңге Парижде өтетін Олимпиада ойындарының жолдамасын алып отыр. Ол 1999 жылы Қарақалпақстан Республикасында дүниеге келген.


Ақтеңге Кеунімжаева

Ұлмекен Есенбаева – 57 келіде күресіп жүрген қазақ қызы. Ол Өзбекстан атынан қатысқан бірнеше жарыста жүлде алды. Мәселен, жастар арасында Азия чемпионатында қола жүлдегер болса, 2021 жылы Будапеште өткен 18 жасқа дейінгі жастар арасында да үшінші орынға тұрақтады.


Ұлмекен Есенбаева

59 келіде белдесетін Дилфуза Айымбетованы да жергілікті жанкүйерлер қазақ деп біледі. Ол өткен жылы Өзбекстан чемпионатында өз салмағында топ жарған. Коньяда өткен Ислам ынтымақтастығы ойындарында қола медаль иеленді.


Дилфуза Айымбетова

Набира Есенбаева әйелдер күресінен Өзбекстан чемпионы. Ол 2018 жылы жастар арасында 62 келіде әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. Сол жылы Қырғызстанда өткен Азия чемпионатында 59 келіде күміс, араға бір жыл салып Қытайда қолаға қол жеткізді. Биыл Ресейде өткен Иван Ярыгин Гран-Приінде 68 келіде финалға дейін жетті. Сондай-ақ, 19-21 сәуір күндері Бішкекте өткен Азия аймақтық іріктеу турнирінде қырғыз балуаны Мейірім Жұманазароваға есе жіберді.


Набира Есенбаева

Тағы бір қазақ балуаны Арухан Жумабаева – Өзбекстан чемпионатының бірнеше дүркін жеңімпазы болған атлет. Қарақалпақстанда туған спортшы туралы ғаламторда көп мәлімет жоқ. Қазіргі уақытта ол 65 келіде өзбек құрамасының негізгі балуаны.

62 келіде белдесетін Гүлмира Айтмұратова биыл лицензиялық турнирде жолдамадан тыс қалды. Өзбекстандағы қазақ қызы бұған дейін жастар арасында Азия чемпионатында қола жүлдеге ие болған.

Жалпы, Өзбекстан құрамаларында өнер көрсететін қазақ спортшылары көп. Осыған дейін грек-рим күресінен Елмұрат Тасмұратов Рио Олимпиадасында қола жүлдегер атанғаны қалың жанкүйерге мәлім. Бокстан әлем чемпионатының жүлдегері Елнұр Әбдірайымов, әлем чемпионы Руслан Абдуллаев сынды қандастарымызға артылған жауапкершілік мол. Тағы бір айта кететін жайт, Руслан Абдуллаев Парижде өтетін Олимпиада ойындарында бақ сынайды.