Жартылай финал – ЧЛ – Лондонға апарар жол

03.05.2024, 13:21

Жартылай финалдың қарымта ойындары 

Getty Images

Қуаныштысы, Чемпиондар лигасының жартылай финалында интрига сақталды. «Бавария» мен «Реал» тең түсіп, финал тағдыры Мадридте шешілейін деп тұр. Ол туралы толығырақ жазамыз.

Ал, енді Дортмундтағы матчқа тоқталсақ.

Мбаппені жабу – жартылай жеңіс. Килианға кедергі келтірсең, қалғаны матч тағдырын шеше алмайтынын көрсетті. Дембеле де, Коло Муани да мықты ойыншы, бірақ тығырықтан алып шығатын баһадүрлер емес. Егер Мбаппе жазда Парижден кететін болса, бұл команда келесі маусымда ірі матчтарды жыға алмауы мүмкін.

Жалпы, кеше ПСЖ осал ойнаған жоқ. Бірақ "Боруссия Д" ересек ойын көрсетті. Жатып алмады, үнемі прессинг жасап, бос кеңістік іздеумен болды.

Джейдон Санчо МЮ-де жүріп футболды әбден сағыныпты. Кеше энтузиазммен ойнады. Дриблинг, пас, жылдамдық... Бабында екен, кеше оң қапталдың оғланы болды. Жылдамдыққа салса Нуну Мендештен өте алмайтынын білді, сол үшін айлаға басты. Дүрсін-дүрсін дриблинг, төселген техникасын іске қосты.

Адейеми әдемі ойнады. Шабуылды ұмытып, қорғанысқа көңіл бөлді. Өйткені, ПСЖ оң қапталында Дембеле, Хакими, Заир-Эмери сияқты кіл жүйріктер ойнады. Райерсон мен Адейеми тыным таппады. Матч соңында екеуін алмастырғаны да содан. Әбден сілекпесі шығып, энергиясын сарп етті.

Сөзсіз, "Боруссия Д" қорғаушылары бірінші таймда Мбаппені тырп еткізбеді. Бірақ француз екінші таймда бәрібір екіленіп ойнап, немістер құрған қақпаннан аяғын алып жүруге тырысты. Бір рет шабуылға кіріскенде қақпа бағанасына дәл тигізіп, немістердің үрейін қашырды. Қалған жағдайда басқаларға бос кеңістік жасап, көлеңкесіндей торып жүрген қорғаушыларды састырумен болды.

ПСЖ – ТОП команда. Бірақ бұл командада ойынға қосымша импульс беретін джокер жоқ. Луис Энрикенің бас ауруы да сол. Коло Муани мен Гонсалу Рамуш – маңызды матчты жығып беретін форвард емес.

Луис Энрикенің тағы бір қателігі – 20-минутта жарақат алған Люка Эрнандесті кеш алмастыруы. Егер француз қорғаушысы сау болғанда, 36-минутта Никлас Фуллкругты қақпашымен бетпе-бет жібермес еді. Фуллкруг жақсы ашылды, пас да ғажап болды. Бірақ қорғаушы кедергі болуға үлгеретін эпизод болды.

ПСЖ командасы кеше бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бірақ тең ойнауға, камбэк жасауға жеткілікті адуын көрсете алған жоқ. Бір гол жіберген соң "Боруссия Д" контр шабуылынан тайсалып жүрді. "Тағы бір гол жіберіп алсақ жағдай ушығып кетеді" деген үрей болды.

Кешегі матчта ілгері ойнаған бірнеше ойыншы болды: Матс Хуммельс, Джейдон Санчо және Ашраф Хакими. Қалғаны өз деңгейінде ойнап шықты.

"Боруссия Д" ойыншылары кеше ең бастысы Мбаппе, Барколья, Дембеле сияқты ойыншылардың допты алып қашуына бос кеңістік берген жоқ. Бұл жағынан жинақы ойнады.

Дортмундағы жеңіс – финалға жарты қадам. Тіпті, кеше алаң иелері 2-0 есебімен жеңген күннің өзінде де финалға шығатын кәміл фаворит бола алмайды. ПСЖ өз алаңында бет қаратпайды. Төпелейді. Әбден қысады. Үрей туғызады. Былтыр қыркүйекте "Парк де Пренс" стадионында болған жағдай есіңізде болар, сондықтан Париждегі қарымта ойынды асыға күтеміз. Ең бастысы, қазір "Боруссия Д" финалға шығатын фаворит болмаса да, әйтеуір аутсайдер емес.