Саттархановпен кездесуді әлі күнге ұмытпаймын – Марокко боксшысы

Редактор
09.11.2023, 17:16

Екеуі Олимпиаданың жартылай финалында жұдырықтасқан

Фото ашық дереккөзден

Бокстан Сидней олимпиадасында 57 келіде қола жүлдегер атанған марокколық Тахар Тамсамани марқұм Бекзат Саттархановты әлі күнге ұмытпайтынын айтады. Ол әлеуметтік желіде қазақ спортшысы туралы үнемі жазба жариялап отырады.

Ғасырлар тоғысында өткен Олимпиаданың жартылай финалында кездескен қарсыласына әлі күнге зор құрметпен қарайтын Африка құрлығының өкілі бүгінде өз елінде танымал тұлғалардың бірі. Ол Сидней шаршы алаңында отандасымыздан 22:10 есебімен ұтылған болатын.

20 жасында Сиднейге барып шеберлігімен көзге түскен ол қола жүлдесін аса қадір тұтатынын айтады. Содан бері 23 жылдан астам уақыт өтсе де ол қазақ топырағында туған қарымды қарсыласына деген құрметін жасырған емес.

«Саттархановты ешқашан ұмытпаймын. Ол 2000 жылы өткен төртжылдықтың басты ойындарында ерекше көзге түсті. Марқұмның жатқан жері жайлы болып, жұмақтан орын бұйырсын. Ол мен үшін ең мықты боксшы болып қала береді», - деп жазылған оның бұған дейін жариялған жазбасында.

Марокко спортшысы өзінің байырғы қарсыласы туралы әлеуметтік желіде үнемі суреттер мен бейнежазбалар жариялайтыны оның отандастарын да таң қалдырған. Оған жауап ретінде ол қазақстандық спортшының шын талантқа ие болғанымен түсіндіреді.

Бүгінде бапкерлік қызмет атқаратын Тахар Тамсаманидің әлеуметтік желідегі желіде парақшасында Саттархановқа қатысты сурет пен бейнежазбалар өте көп. Кезекті жазбаларының бірінде ол 20 жасында Олимпиада чемпионы атанған саңлақтың ерте қайтыс болғанына өкініш білдіреді.

Марокколық боксшы Сиднейден кейін Афины және Бейжің Олимпиадасына қатысты. Алайда, ол соңғы екі Олимпиаданың іріктеу кезеңдерінде қарсыласына есе жіберіп, жүлдесіз қалды.