Оның артында қай шенеуніктердің тұрғанын министр кеңесшісі атамады
Елімізде спорттағы жоғары жетістіктерге үкімет 775 миллион доллар жұмсағанын Мәжіліс депутаты Нартай Аралбайұлы айтқан болатын. Қыруар қаражат ел естімеген спорт түрлеріне бөлініп келген. Ең сорақысы, олардың қатарында стрип-пластика, яғни стриптиз биі де бар. Бұл ақпаратты қазіргі Туризм және спорт министрінің кеңесшісі Диас Ахметшәріп «Бірінші бол» YouTube-каналына берген сұхбатында растады.
Оның айтуынша, келер жылдан бастап аталған министрлік тек Олимпиада ойындарында медаль әкелетін спорт түрлеріне басымдық беретін болады. Қаражаттың негізгі бөлігі де сол арнаға жұмсалмақ.
«Бұл расымен де көп ақша. Біз алдымен спорттың басым түрлерін белгілеп алып, соларды шыңына дейін жеткізу үшін қаражат жұмсаймыз. Ол 20 спорт болуы мүмкін қазіргідей 180 емес», - деді Д.Ахметшәріп.
Ең бастысы бұқараға қажетсіз спорт түрлеріне қаржы бөлу тоқтатылады.
«Бізге нәтиже бермейтін спорт түрлері керек емес. Әрі жұрт оған баласын да апармайды. Сприптиз секілді спорт түрі мүлдем қажет емес екені белгілі. Мемлекет ақша бөлетін спортқа қатысушылар бізге оның кейін жеңіспен, нәтижемен қайтаруы керек. Ол мемлектеттің абыройы. Яғни, сол арқылы ақша қайтарылды деген сөз», - деді ол.
Сондай-ақ, Диас Ахметшәріп қаржыландыру қатарына қосылаған 180 спорт түрінің тізімі қалай жасалғанын тарқатып өтті.
«180 спорттың кім кіргізді? Оны қазбалаудың қазір қажеті жоқ. Себебі, бұған дейін талай министр ауысты. Біз қазір спортқа жаңа леп, жаңа дем беруіміз керек. Қазбалай берсек, мәселе көбейе береді. Біреудің қызығушылығы болғаны анық. Қаржыландыруға ілінуі үшін оны қорғау керек. Сол жолда керек нәрсе деп біреулердің қызыққандар болғаны рас», - дейді Д.Ахметшәріп.
Айта кетейік, Нартай Аралбайұлы Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдап, спорттағы былықтарды тоқтатуды талап еткен болатын. Ол сондай-ақ, бес ұсынысын айтты:
1. Министрлік бекіткен 180 спорт түрін шұғыл қысқарту қажет. Мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Олимпиадалық спорттардың барлығы бірдей жеміс беріп жатқан жоқ. Сондықтан сараптама жасап, жүлде әкелетін түрлеріне ғана басымдық беру керек.
2. Кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Мысалы, «Астана» футбол клубы, «Барыс» хоккей клубы, «Астана» баскетбол клубы мен «Астана» велокомандасына жылына «Самұрық-Қазына»-дан 65 миллион доллар бөлінеді. Бұл асып-тасу, түптеп келген ол ақша «Самұрық-Қазына»-ның емес халықтың ақшасы.
3. Легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Неге біз қазынадан шетелдік спортшыны асырауымыз керек. Легионер шақыра ма, оның айлығын спорттық клубтар демеушілердің есебінен төлесін.
4. Жергілік спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынуы керек. Әйтпесе қазір әркім білгенін істеп кетті. Салдарынан нәтиже жоқ.
5. Спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек. Өйткені құзырлы ведомства аймақтағы жағдайлардан бейхабар, тексеріп те бара алмайды. Аталған ұсыныстарды неғұрлым тез жүзеге асыру қажет. Себебі жуырда Париж Олимпиадасы басталады, сол кезде тағы ұятқа қалмау керек...