Көкке өрлеген қырғыз спортшылары Парижден үш алтын ала ма?

Редактор
20.11.2023, 16:23

Қырғыз балуандары 2022 жылы әлем чемпионатында 5 жүлде иеленген

Фото ашық дереккөзден

Соңғы 4-5 жылдықта Қырғызстан спортына қан жүгірді. Олай дейтініміз, Олимпиада Ойындарында жүлдесіз жүрген айыр қалпақты ағайын Риодағы бәсекеден соң ұлттық құрамаға кіл жастарды жинады. Жастар арасындағы құрлықтық және әлемдік бәсекеде топ жарған спортшылар бірден ересектер арасында жасындай жарқырай алды.

Бұл сөзімізге Токио Олимпиадасындағы Қырғыстан спортшыларының жетістігі дәлел болады алады. Көрші елдің балуандары Жапонияда өткен сында 2 күміс, 1 қола медаль иеленіп, 70-ші орынға тұрақтады. Бұл ретте қырғыз ағайындар медаль сапасы бойынша біздің елден алға шыққанын да мойындауымыз керек.

Сол сында әйелдер күресінен әлем чемпионы Айсұлу Тыныбекова күміс жүлдеге ие болды. Токио Олимпиадасынан кейін ол арада екі ай өткенде Ослода екі дүркін әлем чемпион атанды. Қырғыз спортына тың серпіліс сыйлаған Айсұлудың жетістігі бүгінде өзгелерге үлгі болып отыр. Әлем чемпионатын үш рет ұтқан балуан қыз Париж Олимпиадасында 62 келіге дейінгі салмақта негізгі фавориттердің бірі.

Ақжол Махмұдов та биыл грек-рим күресінен екі дүркін әлем чемпионы болды. 2023 жылы Белградта кезекті рет дүниежүзілік додада топ жарған білекті балуан арада апта өткенде Қытайда басталған Азия Ойындарында алтыннан алқа тағынды. Ол 2018 жылы Джакартада өткен Азия Ойындарына қатысып, күміс медаль иеленген. Токионың күміс жүлдегері келер жылы Парижде топ жарарына қырғыздар сенімді. Өз салмағында әлемнің үздік балуаны атанған спортшы биыл көктемде Алматыда екі дүркін Олимпиада чемпионы Роман Власовты ұтқан болатын.

Жоламан Шәршенбеков – грек-рим күресі бойынша әлем чемпионатында ең көп медаль иеленген екі қырғыздың бірі. Ол 2018 және 2021 жылдары әлем чемпионатында күміс жүлдегер атанды. 2020 жылы Сербияда өткен әлем кубогында 60 келіде топ жарды. Ал 2022 және 2023 жылдары қатарынан екі рет әлем чемпионы атанып отыр. Жоламанның Токио олимпиадасында жолы болмады. Ширек финалға жеткенде молдован балуанына есе жіберді. Алайда, оның қарқыны бір сәтке тоқтаған емес. Әлемнің мықты балуандарының барлығын дерлік ұтқан ол бозкілемде ерекше әдістерімен көпшіліктің көңілінен шығып жүр. Биыл Сербияда топ жарған Шәршенбеков бірден Азия ойындарына аттанып, он күн ішінде әлемдегі ең ірі жарыстан алтынмен оралды.

Мейірім Жұманазарова қырғыз спортының даңқты өкілдерінің бірі. 2021 жылы Токиода әйелдер күресінен 68 келіде қола медаль иегері атанған. Ол сол жылы Ослода әлем чемпионы болғаны тағы бар. Ал араға бір жыл салып, Түркияда жалауы желбіреген Ислам елдері ынтымақтастығы ойындарында чемпион болды. Өкініштісі сол, Мейірім соңғы екі бірдей әлем чемпионатында сәтсіздікке ұшырап, жүлдесіз қалды. Дегенмен, ол да Қырғызстан спортының көрнекті өкілі ретінде Парижден медаль алады деген спортшылар тізімінен түскен емес.

Айпері Медетқызы әйелдер күресінен аса ауыр салмақта әлемнің ең мықты балуандарының жауырынын жерге сан рет тигізді. Парижде қола медаль үшін күресіп, жарысты бесінші орынмен аяқтаған. 2021 жылы Ослода әлем біріншілігінің қола жүлдегері атанды. Араға бір ай салып 23 жасқа дейінгі жастар арасында дүниежүзідік сында топ жарды. Ал биыл Сербияда күміс алған Айпері араға уақыт салып Азия Ойындарында топ жарды. Олимпиада жүлдесін иеленген спортшы келер жылы Парижде олжа салатын үміттердің бірі…

Қырғыз спортының тағы бір көрнекті өкілі – Ерназар Ахмадәлиев. Ол 65 келіде Токио олимпиадасына қатысып, жүлдесіз қалғанымен, кейін екі әлем чемпионатында күміс және қола медаль иегері атанған саңлақ. Биыл Сербияда қола жүлде үшін күресте есе жіберсе де, Ерназар қырғыз еркін күресінің белгілі өкілі болып қала бермек. Келер жылы Парижге барса, кемінде қола жүлдеге таласатын әлеуеті бар балуанды ұлттық құрама бапкердері әлі талай додаға қосуды көздеп отыр.

Биыл қырғыз боксы үшін тарихи оқиға тіркелді. Елдің былғары қолғап шебері Мұнарбек Сейітбекұлы алғаш рет әлем чемпиоатының жүлдесін олжалады. Бұл қырғыз тарихындағы ӘЧ-ның алғашқы медалі. Ташкентте өткен әлем біріншілігінде 57 келіде қола еншіліген Мұнарбек көрші ел боксының қай деңгейге өскенін анық көрсете алды. Демек, қырғыз боксшылары Париж Олимпидасында жүлде алатындай деңгейде өнер көрсететін мүмкіндігі барын делелдеді.

Қытайда өткен Азия Ойындарында қырғыз дзюдошысы Ерлан Шеров чемпион атанды. Бұл жүлде де қырғыз дзюдосы үшін өте ыстық. Себебі, қырғыз ағайындар бұған дейін сары құрлық ойындарындарында дзюдодан алтын жүлде алмаған еді. Сондай-ақ, биыл қырғыздың тағы бір дзюдошысы Айбек Құбанышбекұлы алғаш рет Грузияда өткен Гранд Слэм бәсекесіде топ жарды. Бұл жүлде де қырғыз спорты үшін Гранд Слэм бәсекесіндегі алғашқы медаль болып отыр.

Айта кететін тағы бір жайт, Ханчжоуда өткен Азия Ойындарында 68 келіде қырғыз балуаны Нұрзат Нұртаева күміспен күтпелді. Мейірім Жұманазарова алмастырған ол қырғыз балуандарының бәсін әлемде көтерумен қатар, ішкі біріншілікте де үлкен бәсеке барын анық көрсетті. Сондай-ақ, әйелдер құрамасындағы Айсұлу Тыныбекова үшінші, ал Айпері Медетқызы Азия ойындарында екінші мәрте жүлде иеленді. Осылайша бұрымды қос балуан да биыл ел спортынын тарихында рекорд орнатты.

Бұдан бөлек, қырғыз балуандары еркін күрестен әлем чемпионатынан биыл тағы қола жүлде иеленді. Мәселен, 61 келіде Белградта белдескен Тайырбек Жұмашбекұлы қола медаль олжалады. Осылайша ол Қырғызстанның әлем чемпиоатында жалпы есепте үшінші орынға тұрақтауына өз үлесін қосты.

Айта кететін бір, жайт, қырғыз балуандары 2022 жылы әлем чемпионатында 5 жүлде иеленген. Оның ішінде Ақжол Махмұдов пен Жоламан Шәршенбеков чемпион болғанын жоғарыда жаздық. Бұдан бөлек 67 келіде Амантұр Исмаилов та өз әлеуетін толық көрсетіп, қола медаль иегері атанды. Сондай-ақ, биыл Азия Ойындарында 74 келіде күрескен еркін күрес балуаны Орозбек Токтомамбетов те қола медаль иегері атанды.

Бір жылдың ішінде бірнеше спорт түрінен әлемдік жарыстарда молынан олжа салған Қырғызстан үшін биыл табысты жыл болғаны рас. Сонымен бірге, жүлде алған спортшылардың барлығы қырғыз жерінде туған. Бұл ел спортының соңғы 4-5 жылда қаншалықты өскенін көрсетсе керек. Әлем чемпионатында саф алтынды уыстап алған Алатаудың арғы жағындағы ағайын келер жылы Парижде кемі 3 алтын алатын әлеуеті барын қазірден бастап сарапшылар айтып жүр. Сонымен бірге, соңғы ұш жылдағы әлем чемпионатының әрқайсысында біз әңгіме өзегіне айналдырған елдің балуанды 5 жүлдеден алып отырыпты. Демек, Қырғызстан келер жылы жалпы есепте Токиодағы секілді біздің елден озып кетіп жатса, еш таңқалмаңыз…

Ж.Қаржан