Бразилияда тұратын қазақ балуаны Париж олимпиадасына қатысуды көздейді

Редактор
17.11.2023, 14:38

Ол Рио олимпиадасына жарақатына байланысты қатыса алмаса, Токиоға баруға қаражат тапшылығы кедергі болған

Фото ашық дереккөзден

Бразилияда тұратын этникалық қазақ балуаны Марат Гарипов Париж Олимпиадасыныа қатысудан үмітті. Грек-рим күресінен Панамерика чемпионатында қола жүлдегер атанған спортшы он жылдан астам уақыттан бері сол елде өмір сүріп жатыр.

Марат Гарипов кезінде Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған. Бірнеше халықаралық жарыстарда еліміздің атынан қатысып, жүлдегер атанды. Азия чемпионаты мен әлем кубогында үздік үштікке енген.

Марат Алматы қаласында дүниеге келді. Ол 2018, 2021 жылдары Панамерика біріншілігінде 60 келі салмақта қола медаль иегері атанған. Рио олимпиадасына қатысуды жоспарлағанымен, алған жарақатынан дер кезінде айыға алмады.

Оның айтуынша, грек-рим күресі Бразилияда дамымаған. Сол себепті мемлекет есебінен қаржы бөлінбейді.

Марат Гарипов Токио олимпиадасына да қатыса алмады. Ол кезде дәл осы қаражат мәселесі кедергі болған.

Сол жылы Ослода өткен әлем чемпионатына қатысқан балуан іріктеу кезеңдерінде Қазақстан спортшысы Қорлан Жақаншаға есе жіберді.

Қазіргі уақытта спортшы Париж олимпиадасына қатысудан үмітті. Жасы қырыққа таяса да үлкен спортта кәсіби түрде күресіп жүрген ол бірнеше тілде еркін сөйлейді. Қазақ және орыс тілдерін бөлек спортшы португал және испан тілдерін еркін меңгерген.