Боксшыларға жасаған жағдайды бізге де жасауы керек – ауыратлет Нұрғиса Әділетұлы

15.12.2024, 12:11

Ол ауыр атлетикадағы қиындықтар мен алдына қойған жоспары туралы айтты

instagram.com/nurgisa.adiletuly/

Күні кеше Бахрейнде аяқталған ауыр атлетикадан әлем чемпионатында Қазақстан атлеттері бір емес екі бірдей алтын медальға қол жеткізді. Қайта-қайта допинг дауына ілігіп, бірнеше рет жазаланған еліміздің ауыр атлетика федерациясы үшін бұл расымен де үлкен жетістік.

Сол екі алтынның алғашқысын қоржынға Нұрғиса Әділетұлы салды. 96 келіде өнер көрсеткен қазақ жігіті қоссайыс нәтижесінде 388 келіні бағындырып, әлем чемпионы атанды. Ол – Қазақстан тарихында әлем чемпионы болған ұлты қазақ екінші ауыратлет. Осыдан тура он жыл бұрын бұл жетістікке Жасұлан Қадырбаев жеткен болатын.

Жарыстан кейін Нұрғисаның өзімен хабарласып, сұхбаттасудың сәті түсті.

– Нұрғиса, әлем чемпионы атанған екінші қазақсыз. Эмоцияңыз басылса қандай әсер алғаныңызды айтып беріңізші.

– Әсерім өте ерекше. Шынымды айтсам, түсім сияқты. Әлі толыққанды сене алмай жүрмін. Мүмкін туған жердің топырағына табаным тигенде жеңісімді сезінем деп ойлаймын.

– Той тойлап жүрмей, бірден жаттығу залына баратын шығарсыз. Алдағы жоспарыңыз туралы айтыңызшы.

– Иә, әрине жаттығуға кірісеміз. Жоспарым айқын – 2025-2027 жылдар аралығында әлемдік додаларда, Азия ойындары мен Азия чемпионаттарында жеңіске жетіп, Олимпиада ойындарына баруға барынша тырысып, еңбек етемін.

– Әлем чемпионатына қатысу қаншалықты қиын болды? Бәсекелестік жоғары шығар ел ішінде? 

– Мен әлем чемпионатына тек үш ай дайындалдым. Үш ай өте аз уақыт. Жақсы дайындалып, бұдан да жоғары нәтижелер көрсетуге болар еді. Дайындығымның аз болуы қиындық туғызды.

Әлем чемпионатына 25 күн қалғанда Қазақстан чемпионатына қатысып, бірінші орын алып, артынша әлем чемпионатына бардық.

– Қазақстан құрамасы соңғы Олимпиада ойындарына қатыса алмады. Бұл туралы пікіріңіз қандай?

– Олимпиада ойындарына дайындалып, сақадай сай жүрген кезде өкінішке қарай біз ішіп жүрген витаминдерден доппинг анықталды, бұл ауыратлеттердің жолын кесті. 

Енді әлем чемпионатына жіберілдік, сол үшін де рахмет деп отырмыз. Келесі Олимпиада ойындарына міндетті түрде барып, жанкүйерлерімізді қуанту үшін барымызды саламыз.

– Витаминдерде тыйым салынған препараттардың болуын біздің федерацияның мамандары білмей ме сонда? Оларды витаминдерді кім тағайындайды?

– Иә, ішіп жүрген көп дәрілердің құрамында доппинг болатыны рас. Бізге бұл дәрілерді бапкерлеріміз береді. Өйткені, тексерістен өткен кезде бәрі қалыпты мөлшерде дұрыс шыққан. Кейін уақыт өте шамадан тыс допинг анықталып, ішіп жүрген дәрілерімізді тоқтаттық. Қазір қатаң тексерістен өткен дәрілерді ғана қолданамыз.

– Қазақстан ауыр атлетикасының дамуы үшін қазір не жетіспейді?

– Біз бір кезде боксшылармен бірге оқу-жаттығу жиынында болдық. Олар жеке массажист, диетолог, психологпен жұмыс істейді. Ал бізде арнайы массажист пен диетолог жоқ. 

Ауыр атлетикадағы біздің массажист ұзақ жұмыс істей алмайды. Себебі ол  60 жастағы адам. Егер жас әрі мықты мамандар болса, бұл бізге үлкен көмек болар еді. Жігіттер мен қыздарға жеке-жеке массажист, диетолог мамандар қажет. Қазір федерацияға жаңа басшы тағайындалды. Осы олқылықтарды ол ескереді деген үмітіміз бар.

– Уақыт тауып сұхбаттасқаныңызға рахмет!