Бұрын Нұрсұлтан Назарбаев үлкен теннис ойнауды жақсы көретін
Бұрындары елімізде халықаралық стандарттарға сай үстел теннис орталықтары саусақпен санарлық болатын. Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің осы спортқа әуес екенін көрсеткеннен кейін өңірлерде жаппай үстел теннисі орталықтары ашыла бастады. Бұл президентке жағыну ма, әлде расымен де заман талабы ма?
Жақында мемлекет басшысы Жетісу облысына барды. Белгілі болғандай, президенттің туған жерінде де жаңа үстел теннис орталығы салыныпты. Атап айтқанда, Талдықорған қаласында халықаралық стандарттарға сай, заманауи құралдармен жабдықталған ғимаратта үстел теннисі ойындары және спорттық туризмге мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің спорт мектебі орналасқан.
Фото: Ақорда
Оның алдында Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев та үстел теннисі орталығын ашқан еді.
Қызылордадағы үстел теннисі орталығын салуға облыстық бюджеттен 2,5 млрд теңге бөлініп, құрылысы биыл басталған. Оған «Samruk Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры 900 млн теңге қаржы беріпті. Орталықта 16 үстел теннисі орналасқан ойын алаңы, 350 көрерменге арналған орындар, жаттығу залы мен әкімшілік бөлмелер бар. Мұнда 31 қызметкер жұмыс істейтін көрінеді.
Фото: Қызылорда облысының әкімдігі
Өзге облыстарға келсек, Қарағанды Қасым-Жомарт Тоқаев президент бола салысымен, бірден осы жұмысты қолға алды. Жалпы ауданы 4 000 шаршы метрден асатын «Saryarka» орталығының құрамында 18 теннис үстелі бар ойын бөлмесі және Халықаралық үстел теннисі федерациясының барлық техникалық талаптарына сәйкес келетін 9 теннис үстелі бар жаттығу залы орналасқан. Сондай-ақ, аталған орталықта әлемдік ITTF кезеңдерін өткізуге болады. Орталық құрылысына Үстел теннисі федерациясы 1 млрд 950 млн теңге қаржы жұмсаған.
Ал мұндай науқаннан әдетте қалыс қалмайтын Шымкент 1,2 млрд теңгеге осындай орталық салып алды. Теріскейдегі Петропавл тіптен көп қаржы жұмсаған. Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов лентасын қиған жаңа үстел теннис орталығының құны – 3,5 млрд теңге. Әкім орталықтың ашылу салтанатында газель көлігін де сыйға тартты. Жаңа спорт нысанының құрылысы сегіз ай жүргізілген. Мұнда заманауи талаптарға сай 24 теннис үстелі қойылған.
Фото: СҚО әкімдігінің баспасөз қызметі
Даниал Ахметов әкім болып тұрғанда Өскемен де осындай бір орталығын салып алған еді. Еліміз бойынша ең ірі мамандандырылған үстел теннисі орталығында 58 үстел мен 300-ге жуық көрермен орны бар. Сондай-ақ ең жоғары деңгейдегі халықаралық жарыстарды қабылдай алады.
Фото: 2gis
Президент ШҚО-ға барған сапарында осы орталықта болып, автобус сыйлаған еді.
Облыстар жарысып жатқанда Астана мен Алматыда қалыс қала ма?! Елордадағы үстел теннис орталығы «Алау» мұз айдыны кешені жанында орналасқан. Оның аты ADD TABLE Tennis Center ASTANA деп аталады.
Кешен барлық үздік әлемдік стандарттарға толық жауап береді. Нысанның жалпы ауданы 3700 шаршы метрден асады. Жарыс кезеңінде орталықтың негізгі залы (2300 ш.м.) 16 үстелге есептелген және 20-сы күнделікті жаттығу сабақтары кезінде қол жетімді.
Фото: olympic.kz
Нысанның құрылыс құны 2 млрд 900 млн. теңгені құрады. Инвестор ретінде Республикалық үстел теннисі федерациясының президенті Данияр Абулғазин аталды.
Алматыдағы орталықта жарыс өткізетін 12 және жаттығу жасайтын 24 үстел бар. Зал үстел теннисіне қажетті алты автоматты тренажермен, кәсіби бейне және аудио құрылғылармен, көрермендерге арналған 328 орындықты трибунамен жабдықталған.
Биыл мұнда елімізде үстел теннисінен Азия чемпионаты өтті. Финалды президент Қасым-Жомарт Тоқаев өзі арнайы барып тамашалады.
Мемлекет басшысы бірнеше жыл Қазақстан үстел теннисі федерациясын басқарған. Қазір тізгін олигарх Данияр Абулғазиннің қолында. Ол – Қазақстанның тұңғыш сыртқы істер министрі Төлеутай Сүлейменовтің күйеу баласы. Кейін Қасым-Жомарт Тоқаев осы министрлікті басқарғанда бірнеше елде елшілік қызмет атқарған.
Айтпақшы, биыл Париж Олимпиадасында тоғызыншы орын алған Кирилл Герасименкоға Қазақстанның үстел теннисі федерациясы Астанадан 2 бөлмелі пәтер сыйлаған болатын.