Алаңда Ривалдо, өмірде Роналдиньо: Рафинья қалай монстрға айналды?

23.01.2025, 13:48

Каталондық клуб Чемпиондар лигасының соңғы ойынында керемет камбэк жасады

Getty Images

Дәл қазір клубта да, ұлттық құрамада да ғажап ойнап жүрген бір футболшы болса, ол Рафинья. ТОП матчтардың королі. «Барселона» лидері, Бразилия бойтұмары.

Бұрын тасада жүрген футболшы қалайша Каталония короліне айналып шыға келді? Ханс-Дитер Флик соншама не істеді? Екі бірдей эль-класико үздігі атанған, «Баварияны» жерлеген, «Бенфиканы» еңіреткен бұл қандай ер?

Бәрі былтыр басталды. «Барселона» 1/4 финалда ЛЧ турнирінен шығып қалғанда Рафинья ғана шын өкініп, «келесі маусымда мықты болып ораламыз» деген үміт сөзін айтты. Бірақ Рафиньяның «Барселона» клубындағы болашағы бұлыңғыр еді. Бәрі ЕУРО-дағы Ямал+ Уильямс тандеміне таңдай қағып, екі вингердің үйлесімін «Барселона» клубынан көргісі келді. Тіпті, кей дүкендерде «11» нөмірлі Нико Уильямстың жейдесі ашық саудаға шығып, Рафиньяның намысына тиді. Рафинья араб клубтарының біріне кетіп, орнын Нико Уильямс басады-мыс. Осындай пышың-пышың әңгіме өртеңге шыққан шөптей көбейді.

Бұл алып-қашпа әңгімеге нүкте қойған Ханс-Дитер Флик болатын. 2024/25 маусымда «Барселона» капитаны болатын төрт футболшы бекітілді: Марк-Андре тер Стеген, Рональд Араухо, Френки де Йонг және Педри. Маусым басында қақпашы ауыр жарақат алды, Араухо мен Френки ем алып жатты. Педри де жарақатынан енді оралып жатқан кез. Сол кезде Флик капитан ретінде Рафиньяны таңдап, бразил вингеріне шын сенді. Бұл тек мәртебе емес, моральдық тұрғыда импульс болды. Рафинья гүлдеп сала берді. Екі маусым жүріп 20 гол салса, биыл жарты маусымда қанжығасында 21 гол бар.  Ең маңызды матчтарда жарқырайтын лидерге айналды. Дәл қазір «Барса» сапындағы үздік Ямал да, Педри де, Левандовский де емес. Ол – Рафинья.

Қос қапталда да ойнай береді, тіпті «ондық» рөлінде де абыройлы. Позициялық шабуылда да, контр шабуылда да керек жерден табылады. Өзі айтқандай «көшеде Роналдиньо сияқты күліп жүргенмен, алаңда Ривалдо сияқты әр қадамын өлшеп басатын салқынқанды сұрмерген».

Рафинья тек лидер емес, Ханс-Дитер Флик идеясын алаңда жүзеге асыратын дегдар ойыншы. Оны тек вингер дейтін амплуға байлауға болмайды. Алаңның барлық нүктесінде жүреді. Прессингке араласады, қорғанысқа қайтады, шабуылды бастайды, қос қапталмен – ортамен жортады, басқаларға бос кеңістік сыйлайды, керек десең ұрын тоғыздықтың да міндетін атқарады. Талантты универсал. Кейде «Реал» мен ПСЖ сапында атойлаған Ди Мария сияқты. Дриблинг, интеллект, киллерге тән дәлдік.

Испания суперкубогын жеңген соң Рафинья «Барселона» футболшыларының бәріне алтын жалатылған бір-бір iPhone сыйлады. Ламин Ямал «Golden Boy» жүлдесін алғанда да арнайы сыйлық жасады. Команданы біріктіретін, жақындастыратын әрекетке жиі барды. Капитан екенін көрсетіп, командада абыройы тағы да еселене түсті. Сөзімен де, ісімен де дәлелдеп бақты.

Рафинья қиын ортада өскен, тіпті Бразилияның ең ант ұрған жерінде футбол ойнаған. Қан-жоса болмайынша, аяғың сынбайынша фол демейтін жабайы футболдан шыққан. Жанкештілігі мен табандылығының тамыры сонда жатыр.

Кейін бәрі пір тұтатын Марсело Бьелса «Лидс» клубында Рафиньяны жаңа деңгейге шығарды. Доппен ойқастайтын талантты допсыз да командаға жәрдем беретін универсал етті. Енді соның жемісін Ханс-Дитер Флик көріп отыр. Бразилия, Португалия, Франция, Англия чемпионатын қанып ішкен Рафинья испан футболына да сіңіп, «Барселона» философиясын шын ұққан кемелдікке көтерілді.