Ташкентте өткен бокстан КСРО біріншілігінде чемпион атанған төрт қазақ (ВИДЕО)

27.12.2023, 12:50

Олар сол кездегі солақай саясаттың «құрбаны» болып, Олимпиада ойындарына қатыса алмады

скрин YouTube

Шоқыр Бөлтекұлынан басталатын қазақ боксы Кеңес одағы кезінде дәуірлеп тұрды. Одақ елдері арасында өтетін чемпионаттарда қазақстандық былғары қолғап шеберлері айтулы боксшылардан басым түсіп, биіктен көріне білді. Әсіресе, 1980 жылы Мәскеуде өткен Олимпиада ойындарында Серік Қонақбаев пен Виктор Демьяненко күміс жүлдеген атанған соң қазақ боксының атағы аспандай берді. 

1984 жылы КСРО Лос-Анджелесте өткен Олимпиада ойындарына байкот жарияламағанда кемі 2 қазақ боксшысы төртжылдықтың басты ойындарында жүлде алар ма еді?! Олай дейтініміз, сол жылы Ташкентте өткен Одақ біріншілігінде 4 қазақ финалға шығып чемпион атанған болатын.  

Ташкенттегі чемпионатты көрген жұрт ұзақ уақытқа дейін жарыстың әсерінен арыла алмай жүрген деседі. Оған 4 қазақ боксшысының финалда қарсыластарына еш мүмкіндік берместен ұтуымен бірге, бірнеше рет нокдаунға түсіруі себеп болған.

Сол чемпионата 48 келіде Кәрімжан Әбдірахманов финалға шығып, еревандық Ншан Мунчянды ұтты. Жеңіл салмақтағы боксшы КСРО спортшылары Олимпиадаға байкот жариялаған социлистік елдер қатысатын«Достық-84» турнирінде (Кубада өткен) күміс жүлдегер атанды. Кәрімжан Әбдірахманов 1983 жылы Мәскеуде өткен КСРО чемпионатында қола жүлдеге қол жеткізген. 1986 жылы Алматыда – қола, 1988 жылы Ташкентте – қола, 1990 жылы Луцкіде – алтын, 1991 жылы Қазанда қола жүлдеге ие болды. Оның КСРО-да басты қарсыласы армян Ншан Мунчян болған еді.

Сондай-ақ, Әбдірахманов 1985 жылы Еуропа чемпионатында қола жүлдегер атанса, 1986 жылы Мәскеуде өткен Ізгі ниет ойындарынан күміс жүлдемен оралды.

1984 жылы Ташкенттегі чемпионатта қарағандылық Серік Нұрқазов та қарсылас шақ келтірмеді. 57 келіде шаршы алаңда ойқастаған ол финалда КСРО-ның бес дүркін чемпионы Самсон Хачатрянды ұтты. Серік Нұрқазов 1981 жылы КСРО чемпионатында ерекше көзге түсуінің арқасында Еуропа чемпионатына қатысқан. Сол сында қола жүлдеге қол жеткізді. Ал 1982 жылы Украинаның Донецк қаласында өткен КСРО біріншілігінде өзінің спорттық мансабындағы алғашқы алтынына ие болды. 1983 жылғы одақ чемпионаты Нұрқазов үшін жартылай финалмен тәмамдалды. Ал 1986 жылы Алматыда жалауы желбіреген одақ біріншілігінде Серік Нұрқазов үшінші рет чемпион атанған.

Ташкентте өткен КСРО біріншілігінде Қазақстан боксшыларынан үшінші алтынды Серік Қонақбаев иеленді. Жамбылдық спортшы 67 келіде сынға түсіп, кезекті рет одақта өзінің теңдессіз екенін дәлелдей алды. Юрий Цхай шәкіртінің де финалдағы қарсыласы армениялық Исраел Акопхокян болды. Бұл аталған чемпионатта Қазақстан-Армения боксшыларының арасындағы үшінші кездесу еді. Қонақбаев осылайша бұл сында жеңімпаз атанып қана қоймай, өзінің мансабындағы соңғы чемпионатына қатысты.

75 келіде ақтаулық Асылбек Қилымов жасындай жарқырады. Ол Минсктен келген Александр Беляевті финалда қапы қалдырды. КСРО құрамасында табысты өнер көрсеткен Қилымов қарсыласын шаршы алаңда сұлатып түсіруімен дараланды. Қилымов көп ұзамай бокспен қоштасып, жұмысын спорт саласына арнады.

1984 жылғы КСРО біріншілігінде Қазақстан жалпы есепте алтын медаль саны бойынша көш бастады. 4 боксшының чемпион болуынан бөлек, тағы 5 боксшы қола жүлдегер атанған. Олардың қатарында Бейбіт Есжанов, Виктор Демьяненко, Ерік Хәкімов, Александр Черепанов, Владимир Макулов болды. 

Юрий Цхай баптап апарған боксшылардың Лос-Анджелестегі олимпиададан тыс қалуына сол кездегі солақай саясатты кінәлаудан басқа амал жоқ. Әйтпегенде Кәрімжан Әбдірахманов пен Асылбек Қилымовтың қарсыластарын сұлатып түсіретін жойқын соққысымен финалға шығарына еш күмән жоқ еді. Ал Серік Қонақбаев пен Серік Нұрқазовтың техникалық шеберлігі де жоғары жетістікке жетуіне кепіл болған-тын.