«Жұмысқа тұрып, күйеуге шығам»: танымал ауыратлет спорттық мансабын аяқтамақ

Редактор
26.12.2023, 11:43

Оның жолын бәзбіреулер қасақана кескен болуы мүмкін

olympic.kz

Қазақстандық танымал ауыратлет Айзада Мүптілда өзінің спорттағы мансабын нағыз шарықтау шыңында аяқтамақшы деп жазады «Дядя Ваня» Telegram-каналы. Оның жасы небәрі 25-те. 

Бүгігге дейін Айзада нағыз спорттық бабында болған. Оның үлкен жетістіктерге жете алатындай қауқары бар. Алайда, 2022 жылы тапсырған допинг-сынамасынан тыйым салынған зат анықталып, спортшы жаттығу залына кіре алмай жүр.

Айзаданың жеке бапкері Арман Әбдіраевтың айтуынша, ауыратлет ешқандай да допинг пайдаланбаған. Олар тіпті, жалғандық детекторында тексерістен өтіп, өтірік айтпағаны белгілі болған.

Айзада Мүптілда аса ауыр салмақта (+87 кг) өнер көрсетеді. Өзінің спорттық жолында ол Азия чемпионатын (2022 ж.), Ислам ынтымақтастығы ойындарын (2021) жеңіп алған. Бірнеше халықаралық жарыстың жеңімпазы және жүлдегері.

Былтыр Азия біріншілігінен Алматыға оралғаннан кейін ол ел чемпионатына дайындығын бастаған. Осы жарыстың нәтижесі бойынша Колумбияда өтетін әлем біріншілігіне баратын атлеттер іріктелуі тиіс болған.

Айзада 27 қазанда допингке анализ тапсырады. Барлығы штаттық режимде өткен. Тест тапсыру рәсіміне қазақстанық допинг-офицерлер қатысқан. Ал, анализ сынамалары WADA-ның Еуропадағы зертханаларының біріне жіберілген. Араға төрт апта салып нәтиже келеді, онда Айзаданың сынамасынан тыйым салынған «Станозалол» препараты табылғаны көрсетілген.

«Мен допинг-тестті жоспарлы режимде тапсырдым. БАҚ-та өзім бастамашыл болдым, өзім ақысын төлеп жоспардан тыс тапсырдым деген ақпарат тарап кетіпті. Мұның қайдан шыққан ақпарат екенін түсінсем бұйырмасын. Маған оның не керегі бар? Мен оның алдында ғана Азия чемпионатында допинг-тест тапсырғанмын, ол кезде бәрі таза шыққан», - дейді Айзада Мүптілда.

Оның бапкерінің айтуынша, спортшы соңғы бірнеше жылда 38 рет допинг сынамасын тапсырған. Олардың бәрінде теріс көрсеткіш, яғни тыйым салынған заттың жоқ екені анықталған. Соңғы тест оң нәтиже көрсеткенде бүкіл команданың еңсесі түсіп кетіпті.

«Бұл жайт бойынша қылмыстық іс қозғалды және біздің бәріміз тексерістен өттік. Тіпті, спорт базасында болған қарапайым жұмысшылар да сұралды. Жалғандық детекторы біздің шын айтып тұрғанымызды көрсетті. Сондықтан бізде қазір екі түрлі нұсқа бар, біріншісі – Айзаданың қанына тыйым салынған препарат спортық тағамдар арқылы түскен, екінші – біреу мұны қасақана жасаған болуы мүмкін. Қылмыстық іс әлі жабылған жоқ. Айзадаға қатысты шешімді WADA әлі шығарған жоқ. Бізге өз еркімізбен мойындау ұсынылды. Бірақ, біз бас тарттық. Ертелі-кеш WADA бәрібір жазалау шешімін шығарады, кемі 4 жылға спорттан шеттетеді деп ойлап отырмыз. Олай болса Айзада спортты жалғастыра ма, жоқ па, білмеймін. Қазір оған жаттығу залына да кіруге тыйым салынған», - деді Арман Әбдіраев.

Осы жайттан кейін Айзадаға допинг-офицерлер төрт рет келіп, қайта сынама алып кеткен. Оның алғашқы үшеуінде допинг анықталмапты. Соңғы төртіншісінің нәтижесі енді шығады.

«Осы уақытқа дейін мен жаттығу жасамадым. Ауыр атлетикаға деген қызығушылығым мүлдем қалмады. Әрі қарай не істеймін? Жұмысқа тұрам және күйеуге шығам», - деп сөзін түйді ауыратлет.