«Қолбала болдық». Спорттан кеткен велоспортшы «Astana» командасындағы былық туралы айтты

Редактор
19.01.2024, 12:00

Команда басшылары велоспортшыларды бірнеше ай бойы ашқұрсақ ұстаған

Мassaget.kz

Қазақстандық велошабандоз Ғалым Ахметов спорттағы ғұмыры қысқа болғанына қынжылыс білдірді. Мassaget.kz сайтына берген сұхбатында ол жастар арасындағы әлемдік додаларда жоғары нәтиже көрсеткеніне қарамастан «Astana Qazaqstan Team» командасына алынбай қойғанын айтты.

Ғалым Ахметов Қазақстан чемпионаттарының бірнеше дүркін  жеңімпазы болған. Ол 1963 жылы спорт шебері атағын алған Қалихан Ахметовтың баласы. Спортшы 18 жасында Азия чемпионы атанып, Иранда өткен «Tour of Mazandaran» жарысында жеңіске жетті. Түркиядағы жарыстың 7-кезеңінде 12-болып келіп, жалпы есепте 23 орынға тұрақтаған.

«Басында барлығы жақсы еді. 2014 жылы "Astana 2" командасының қатарына қосылдым. Сол кезде бапкеріміз Владимир Ремыга жақсы бапкер болатын. Дайындықты қадағалауы, тапсырмалары бөлек болатын. Сол кісі кеткеннен кейін бізді үлкен жарысқа дайындау дұрыс болмады. 5-6 сағаттық үлкен жаттығулар беретін. Жарысқа дейін дымың қалмайды. Физикалық күшін бағамдамай, бәріне бірдей тапсырма беретін», - дейді ол.

Ол Италиядағы жарыста ашқұрсақ күйде 5-6 сағаттап дайындалғанын еске алды.

«Біздің жетістікке жетпеуімізге тағы бір себеп – жемқорлық. Ол бізге қалай әсер етті дейсіз ғой?! Бір ғана мысал айтайын. Біз 3 айлап Италияда тұратын сәттер болды. Сол елдегі жарыста құжат бойынша біз 2 адам бір бөлмеде тұру керек екенбіз. Ал біз 8 адам бір бөлмеде жаттық. Ол бізге психологиялық тұрғыдан кері әсер етті. Дайындықта, жарыста жүрген кезде тамақ болмады. Ашқұрсақ 5-6 сағаттап дайындалған сәттер болды. Яғни Италияда өткен жарыста ашқұрсақ жүрдік. Біріншіден ұлттық құрама, екіншіден "Astana team" командасы болдық. Бізден неге көбірек жетістікке жетпейсіңдер деп сұрау салады. Ал өздері дұрыс тамақпен қамтамасыз ете алмады», - деді велошабандоз әңгіме барысында.

Жағдайдың дұрыс болмағанына қарамастан Ғалым Ахметов Италияда өткен Каподарко Гран-приінде 3-орын алған. 180 шақырымға созылған жарыста 200 велошабандоздың ішінен үшінші келу спортта жоғары жетістік саналады.

«Негізі спортта өте мықты қазақ балалары көп. Мәселен менің марқұм Дінмұхаммед Ұлысбаев деген досым бар еді. 2018 жылы әлем кубогын жеңді. Ол жеңгеннен кейін "Astana pro" командасына алмады. Дәл осы жағдай менің де басымнан өткен. 2017 жылы мен Түркиядағы халықаралық жарысты жеңгеннен кейін мені ересектер құрамасына алуы керек еді. Бірақ ақыры ересектер құрамасына кіре алмадым. Польшадағы жарыста құраманың лидері болдым. Оны құрамадағы жігіттердің бәрі біледі. Бірақ сонда да "Көмек керек", "Су алып кел" - деп жұмсайтын. Барып кел, шауып кел болып жүретінбіз. Былайша айтқанда қолбала болдық. Велоспортта артық қимыл жасауға болмайды», - деді Ғалым Ахметов.