«Менің күнім осымен батты»: үлкен спорттан кеткен әйгілі жапон дзюдошысы алкоголь ішкен фотосымен бөлісті

Редактор
23.01.2024, 13:20

Ол Елдос Сметовпен 5 рет күресіп, бесеуінде де жеңіске жеткен

Қазақстан дзюдо федерациясы

Өткен жылдың желтоқсан айында Токио Гранд-слэмінің финалында отандасы Рюджи Нагаямадан жеңілген Олимпиада чемпионы Наохиса Такато өзінің дәуірі аяқталғанын мәлімдеген болатын. Енді ол осы сөзін ісімен көрсетіп жүр.

Даңқты дзюдошы маңызды жарыста есе жіберген соң биыл өтетін Париж олимпиадасына қатысу мүмкіндігінен бір жола айырылған. Алайда, спортшы бұл жеңілістен кейін өзінің құрамадағы басты бәсекелесі үшін риза екенін де жеткізді.

«Осымен менің дәуірім аяқталды. Ендігі кезекте Нагаяманың Олимпиада чемпионы болуына тілектеспін», - деген еді Такато.

Ол бұған дейін 3 дүркін Олимпиада чемпионы болуды мақсат еткенін атаған болатын. Мансабын 2028 жылғы Лос-Анджелес олимпиадасынан кейін аяқтауға бекінген оның жоспары былтыр күрт өзгерді.

«Нагаяма осы жолда аянбай тер тер төкті. Ақыр соңында ол өзінің көздеген арманына жетіп отыр. Мен осыған дейін ұтуға тиіс барлық жарыста жеңіске жеттім. «Шал» ретінде бұл шешуші белдесуде қолдан келгеннің барын істедім. Ендігі жерде менің дзюдошы ретінде күнім батты», - деді дзюдошы.

«Күнінің батқанын» айтқан Такато өзінің сыра ішуге әуес екенін бұған дейін де жасырмаған. Алайда, ол қазір бұл ішімдік түрімен жақын достасқанын білдіріп, желіге сыра толы саптыаяқтың суретін жүктеді. Сондай-ақ, бұған дейін әлеуметтік желіде тікелей эфирге шығып, әңгіме-дүкен барысында тобылғы торы сырадан сіміріп отырған еді.

Наохиса Такато 1993 жылы дүниеге келген. Ол жастар арасында 2011 жылы әлем чемпионы атанған. Сол сында ол қазақстандық Елдос Сметовпен бірге жеңіс тұғырына шыққан болатын. Кейін жапон балуаны әлем чемпионатын 60 келіде 4 рет (2013, 2017, 2018, 2022) ұтты. Азия чемпионы (2021) атанып, Рио олимпиадасында қола жүлдегер, Токио Олимпиадасында жеңімпаз атанған.