Жарнама
Жарнама

«Астана» баскетболшылары Президентке үндеу жасап, көмек сұрады

Редактор
Бүгін, 17:38

Ойыншылар негізгі команданың жабылуы бүкіл қазақстандық баскетболға кері әсер ететінін айтты

Видеодан кадр

«Астана» кәсіпқой баскетбол клубының ойыншылары негізгі команданың тағдырына қатысты алаңдаушылық білдіріп, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа үндеу жасады.

Баскетболшылар билік өкілдерінен қолдау көрсетіп, кәсіби мансабын жалғастыруға мүмкіндік беруді сұрады.

Ойыншылардың айтуынша, «Астана» клубы чемпионаттан шеттетілсе, Қазақстанда кәсіби деңгейде өнер көрсетуге мүмкіндік беретін өзге командалар өте аз. Соның салдарынан 12 кәсіби баскетболшы спорттық мансабын мерзімінен бұрын аяқтауға мәжбүр болуы мүмкін.

«Бізді қолдап, кәсіби мансабымызды жалғастыру мүмкіндігінен айырмауды сұраймыз. Басқа командалардың бізге кәсіби деңгейде ойнауға мүмкіндік беретін жағдайы жоқ. Сондықтан мұндай шешім қабылданса, 12 кәсіби баскетболшының мансабын аяқтауына тура келеді. Ал ұлттық құрама халықаралық аренада бірнеше жылдан бері ел намысын қорғап жүрген ойыншылардан айырылады», – делінген үндеуде.

Баскетболшылардың пікірінше, «Астана» Қазақстан чемпионатына қатысуын жалғастырса, отандық баскетболдың дамуына жағдай сақталады. Сондай-ақ спортшылар клуб пен ұлттық құраманың намысын қорғап, кәсіби мансабын жалғастыра алады.

Ойыншылар негізгі команданың жабылуы бүкіл қазақстандық баскетболға кері әсер ететінін атап өтті. Олардың сөзінше, бұл жас баскетболшылардың дамуына кедергі келтіріп, ұлттық чемпионатты әлсіретеді және ұлттық құрамаға ойыншылар дайындаудың қалыптасқан жүйесіне зиян тигізеді.

«Астананың» негізгі командасының жоғалуы қазақстандық баскетболдың болашағына айтарлықтай қауіп төндіреді», – деп санайды спортшылар.

Сондай-ақ баскетболшылар жанкүйерлерден қолдау көрсетіп, мәселенің қоғам назарында болуына көмектесуді сұрады.

«Бұл қиын жағдайда сіздердің қолдауларыңыз біз үшін аса маңызды. Қоғам назарын осы мәселеге аударуға көмектесулеріңізді сұраймыз», – деп түйіндеді ойыншылар.

Реклама
Реклама