Сондай-ақ, ірі көлемде айыппұл да салынған
«Каспий» клубы мен Қазақстан құрамасының баскетболшысы Максим Марчук 2025 жылдың соңына дейін спорттан шеттетілді. Енді ол осы уақыт аралығында ешқандай жарыста өнер көрсете алмайды. Бұған Марчуктың Қазақстан баскетбол федерациясы президентіне сын айтуы себеп болып отыр.
Оқиға сәуір айының ортасында болған. Алматылық клубтан жеңілгеннен кейін Марчук Федерация президенті Абай Алпамысовқа дөрекі сөйлеген.
«Неге үнемі күле бересіз? Сіз секілді адамдар федерацияда отырған кезде жағдайдың бәрі к…тінен кері кетеді», - деген баскетболшы спорт шенеунігіне.
Мұнан кейін оған 500 мың теңге көлемінде айыппұл салыныпты.
Максим Марчук бұл шешіммен келіспейтінін және құқықтық әрі этикалық нормаларға қайшы екенін айтты.
«Бұл шешім менің қатысуымсыз, ешқандай хабарландырусыз, дәлелсіз, регламенттің нақты тармақтарын көрсетпей қабылданды. Мен оны негізсіз деп есептеймін. Ол әділдікке және спорттық этикаға қайшы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасымен кепілдендірілген қорғану құқығымды бұзады», – деді Марчук.