Екеуінің жекпе-жегі қыркүйекте өткен.
P4P рейтингінің бұрынғы көшбасшысы, супержұлдыз Сауль «Канело» Альварес (62-3-2, 39 KO) «паундтың» қазіргі үздігі Теренс Кроуфордпен (42-0, 31 KO) реванш өткізгісі келетінін мәлімдеді.
2025 жылдың басты бокс оқиғасы саналған Канело – Кроуфорд айқасы қыркүйек айында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өтті. Суперорта салмақтың абсолютті чемпионы Альварес жекпе-жектің соңғы бөлігінде сәтсіздікке ұшырап, төрешілердің ортақ шешімімен жеңілді. Бұл жеңіс Кроуфордқа P4P тізімінің шыңына қайта көтерілуге мүмкіндік берді. Ол «төрт белбеу дәуірінде» үш салмақта абсолютті чемпион атанған алғашқы ер адам атанды.
Жекпе-жектен кейін Канело денсаулығына байланысты үзіліс алып, сол қолының шынтағына операция жасатты. Ол шаршы алаңға келесі жылдың мамыр айында ғана оралады деген болжам бар.
Los Protagonistas басылымына берген сұхбатында Альварес Кроуфордпен реванш өткізгісі келетінін және қыркүйектегі жеңілістің есесін қайтаратынын айтты.