Жарнама
Жарнама

Ангелина Лукас 3 желтоқсанда Дубайда жекпе-жек өткізеді

Редактор
01.12.2025, 11:08

Қазіргі таңда оның қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ

Фото: instagram.com/angelina_lukas1997/

Қазақстандық боксшы, IBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы Ангелина Лукас 3 желтоқсанда Дубайда рингке қайта оралады. Бұл туралы оның промоутерлік командасы хабарлады.

Ангелина әлеуметтік желідегі видеожолдауында жанкүйерлеріне қуанышты жаңалықпен бөлісті.

«Қалайсыңдар, достар! Мен Араб Әмірліктерін бағындыруға келдім. 3 желтоқсан, Agenda Arena — WBF белбеуі үшін айқас. Кездескенше! Алға, Қазақстан!» – деді боксшы.

Қазіргі таңда оның қарсыласы ресми түрде жарияланған жоқ. Ұйымдастырушылардың айтуынша, алдағы айқас әйелдер боксы тарихындағы ең көрермен жинайтын жекпе-жектердің бірі болуы мүмкін.

Дубайдағы кездесуден кейін Ангелина 20 желтоқсанда Ақтөбедегі «Жекпе-жек» аренасында тағы бір жекпе-жек өткізеді. Бұл кездесудің де қарсыласы әлі жарияланбады.

Айта кетейік, Лукас соңғы рет 14 қарашада Каирде америкалық Кэтрин Рене Линденмутпен жұдырықтасқан еді. Алғашында отандасымызға жеңіліс жазылғанымен, кейін қарсыласы допинг-тесттен өтуден бас тартқаны үшін жекпе-жек нәтижесі «No Contest» деп өзгертілді.

Осылайша, Ангелинаның карьерасындағы жалғыз ресми жеңіліс – 2023 жылы Даниэле Асенходан алған – сақталып тұр. Кейін ол бұл нәтижені Таразда өткен реваншта қайтарды.

Реклама
Реклама