World Boxing өткізген әлем чемпионатында Богданова алтын медаль алған
Бокстан әлем чемпионы Наталья Богданова қомақты сыйақы алғаннан кейін құны қымбат шетелдік жол талғамайтын көлік сатып алды.
Бұл туралы боксшы әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялап, көпшіліктен сүйінші сұрады.
«Мен көлік сатып алдым! Бұл жай ғана сатып алу емес - бұл өзіме көрсеткен еңбегімнің, талпынысымның және арманға деген сенімімнің сыйы. Бұл жол оңай болған жоқ. Көптеген күмәнданған сәттер, қиындықтар, бәрін тастағым келген кездер болды. Бірақ мен берілмедім. Әр қадам, әр кішкентай жеңіс осы күнге жеткізді. Бүгін мен қолымда еңбектің және өзіме деген сенімнің символын ұстап тұрмын. Бастысы арман орындалды. Құттықтаулар мен жылы сөздерін айтқан барлық жандарға алғыс айтамын - бұл үлкен шабыт беріп, жанды жылытады. Бұл көлік жаңа жолдардың, жарқын әсерлердің және үлкен жетістіктердің бастауы болсын. Әр сапар бәрі мүмкін екенін, сену және әрекет ету жеткілікті екенін еске салсын. Барлық қолдау білдіргендерге, жылы лебізін айтқандарға рақмет», - деп жазды боксшы.
Айта кетейік, Англияның Ливерпуль қаласында World Boxing аясында өткен әлем чемпионатында Наталья Богданова (70 келі) алтын медаль алған.
Сондай-ақ, боксшы наурыз айында Ниш қаласында ІВА өткізген әлем чемпионатында қола жүлдеге ие болды. Аталған жетістігінен кейін боксшыға федерация басшылығы қола жүлде үшін 25 мың, ал алтын медальға 100 мың АҚШ долларын сыйақы ретінде табыстады.