Қазір жағдайды нақтылау үшін қосымша талдаулар жүргізіліп жатыр.
Орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы мен WBA белбеуінің иесі, кубалық Эрисланди Лара арасындағы біріккен чемпиондық жекпе-жек ресми түрде өтпейтін болды. Бұл туралы журналист Дэн Рафаэль мәлімдеді.
Америкалық инсайдердің айтуынша, VADA ұйымы Жәнібектің допинг-тестінен тыйым салынған мельдоний затын анықтаған.
«Шұғыл жаңалық: Маған Жәнібек Әлімханұлының VADA тестінің көшірмесін алуға мүмкіндік туды. Орта салмақтың біріккен чемпионының қанынаны мельдоний табылған. Осыған байланысты оның Лараға қарсы сенбіге жоспарланған жекпе-жегі өтпейді. PBC қазір Лараға жаңа қарсылас іздеуде. Бұл тест жайлы бірінші болып The Ring хабарлаған», – деп жазды Дэн Рафаэль әлеуметтік желідегі парақшасында.
Premier Boxing Champions промоутерлік компаниясы да Жәнібектің орнына Колумбия боксшысы Йохан Гонсалес (36-4, 24 KO) шығатынын мәлімдеді.
34 жастағы колумбиялық былғары қолғап шебері биыл 1 наурызда бірінші орта салмақта бұрынғы әлем чемпионы Джарретт Хердті жеңіп, сенсация жасаған еді. Ал Херд кезінде Эрисланди Лараны ұтқан.
Жұрттың жағасын ұстатқан ақпараттан соң қазақстандық чемпион The Ring жариялаған мәліметке қатысты өз пікірін білдірді.
«Қай кезде де таза спортты қолдап келетінімді білесіздер. Бұл жаңалыққа өзім де сенбей отырмын. VADA алғашқы тестіні алып, оның таза екенін айтты. Мен ешқандай қоспаны өзгерткен жоқпын. Екінші тестілеуде не болғанын түсінбеймін, сондықтан қайта тексеруді сұрадым», – деді Жәнібек.
Қазір жағдайды нақтылау үшін қосымша талдаулар жүргізіліп жатыр.