Жарнама
Жарнама

Тайсон мен Мейвезер Африкада жекпе-жек өткізеді

Редактор
09.12.2025, 16:06

Екі спортшы арасындағы салмақ айырмашылығы 30 келіден асады

Getty Images

Ауыр салмақтағы бұрынғы әлем чемпионы Майк Тайсон Флойд Мейвезермен өтетін жекпе-жегінің наурыз айында Африкада ұйымдастырылатынын ресми түрде хабарлады.

Бұл кездесудің болатыны қыркүйек айында мәлімделгенімен, бірнеше ай бойы айқастың тағдыры бұлыңғыр болып келген. Әсіресе Мейвезердің 2026 жылы Мэнни Пакьяомен реванш өткізуді ойластырып жатқаны туралы мәліметтер түрлі күмән туындатқан еді. Дегенмен, Дублинде өткен шарада Тайсон жоспардың нақтыланғанын айтты.

«Жекпе-жек келесі жылдың наурызында Африкада өтеді. Бұл – спорт тарихындағы ең ауқымды оқиғалардың бірі болмақ. Рекордтар жаңарып, жанкүйерлер үлкен шоу көретініне сенімдімін», – деді ол.

Тайсон айқастың кейінге шегерілуі мүмкін деген қауесеттерді жоққа шығарып, дайындық қалыпты жүріп жатқанын жеткізді. Алайда нақты күн мен қала әлі құпия сақталуда.

Екі спортшы арасындағы салмақ айырмашылығы 30 келіден асатындықтан, айқас ресми мәртебеге ие болмайды. Тайсон 2024 жылы Джейк Полға қарсы шыққанда шамамен 104 келі болған, ал Мейвезер кәсіби рингке соңғы рет 2017 жылы 68 келі салмақта көтерілген. Қос боксшы да спорттық бабынан алыстаған: кездесу өтетін кезде Тайсон 60 жасқа жақындайды, ал Мейвезер соңғы жылдары блогерлермен және шоу-бизнес өкілдерімен ғана көрме жекпе-жектер өткізіп келеді.

Сарапшылардың айтуынша, бұл шоу-жекпе-жектің ұйымдастырылуына қаржылық келісімдер шешуші ықпал еткен. Жарияланған деректерге қарағанда, 48 жастағы Мейвезер келісімге қол қойысымен-ақ қомақты сыйақы алған.

Реклама
Реклама