Ол қарсыласын тас-талқан етіп ұтты.
Дубайдағы әлем чемпионатының кезекті жарыс күнін құрама сапынан Сәкен Бибосынов ашты.
54 келі салмақтың өкілі танзаниялық Факи Исса Факимен жұдырықтасып, төрешілердің ортақ шешімімен жеңіске жетті. Екінші раундта екі боксшы да нокдаунға түссе, үшінші раундта танзаниялық тағы бір рет нокдаунда болды. Осылайша, Сәкен боксшыларымыздың арасынан ширек финалға өткен алтыншы боксшы атанды.
Жекпе-жектен соң жерлесіміз пікір білдірді:
Аллаға шүкір, екінші жеңісіме қол жеткіздім. Қарсыласым шыдамды екен, біраз соққы дарытсам да, соңына дейін бокстасты. Бұл мен үшін де жақсы болды, келесі жекпе-жектің алдында үш раунд бойы бокстасып алдым, – деді ол.
Оның алдында Теміртас Жүсіпов (48 келі), Серік Теміржанов (60 келі), Санатәлі Төлтаев (67 келі), Сабыржан Аққалықов (75 келі) және Нұрлан Сапарбай (92+ келі) 1/8 финалдан сүрінбей өткен. Ал Ерасыл Жақпеков (80 келі) пен Нурмагамед Юсупов (92 келі) жарыс жолын 1/8 финалда аяқтады.
Естеріңізде болса, жерлесіміз алғашқы айқасында Ботсвана өкілі Катлего Кеорапецені тас-талқан етіп ұтты.
Сәкеннен бөлек бүгін шаршы алаңда тағы бес боксшымыз өнер көрсетеді.