Он боксшымыз ширек финалға өтті.
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Қайрат Сәтжанов Дубайда өтіп жатқан IBA әлем чемпионатының 1/8 финалындағы жекпе-жектерді қорытындылады.
Бүгінгі күн аяқталды. Соңғы болып Абылайхан Жүсіпов шаршы алаңға шықты, ол Беларусь боксшысын 5:0 есебімен ұтты. Ертең біздің боксшылар үшін өте маңызды күн: ширек финалда он боксшымыз өнер көрсетеді. Барлық жігіттерге сәттілік пен жеңіс тілеймін. Қолдауларыңызға рахмет, жеңісті күндеріміз көп болсын, – деді бас бапкер.
Сәтжанов Даниял Сәбиттің жекпе-жегіне бөлек тоқталды.
Даниял Сәбиттің техника жағынан тәжірибесі молырақ. Ол төбелеспей, керісінше, арақашықтықты сақтап бокстасу керек еді. Бұл жерде оңай қарсылас жоқ, бәрі мықты. Балалар бәріне дайын болуы керек, босаңсуға уақыт жоқ. күннен-күнге қарсыластардың деңгейі де арта береді, – деді ол.
Бапкер Абылайхан Жүсіповтің денсаулығына алаңдағандарға да жауап берді. Себебі бастапқыда Жүсіповтің қабағы жарылғандай көрінген.
Абылайхан үшін бәріміз уайымдадық, Аллаға шүкір, бәрі жақсы, жігіттердің ешқасысында жарақат жоқ, – деді Сатжанов.
Айта кетейік, әлем чемпионатының ширек финалына мына боксшылар шықты: Теміртас Жүсіпов (48 кг), Даниял Сәбит (51 кг), Сәкен Бибосынов (54 кг), Оразбек Асылқұлов (57 кг), Серік Теміржанов (60 кг), Ертуған Зейнуллинов (63,5 кг), Санатәлі Төлтаев (67 кг), Абылайхан Жүсіпов (71 кг), Сабыржан Аққалықов (75 кг), Нұрлан Сапарбай (92+ кг).
Өкінішке қарай, үш боксшымыз жарысты 1/8 финалда аяқтады: Ерасыл Жақпеков (81 кг), Дәулет Төлемісов (86 кг) және Нурмагамед Юсупов (92 кг).