Белгілі олигарх Кеңес Рақышев бокс федерациясының басшылығынан кетті

Редактор
05.02.2024, 11:16

Бұған дейін депутаттар спорттағы олигархтарды қатты сынаған болатын

Vlast.kz

Бүгін Астанада Қазақстан бокс федерациясының жылдық дәстүрлі жиынынд жаңа президент сайланды. Дауыс беру нәтижесінде бұл міндетке Шахмұрат Мүтәліп бекітілді. Ол бұл қызметте Кеңес Рақышевті алмастырып отыр.

Бокс федерациясының мәліметінше, конференцияның кезекті отырысында өткен жыл қорытындыланып, ерлер және әйелдер командасы бас бапкерлерінің есебі тыңдалған. Ал ҚБФ жаңа басшысының сайлау отырыстың соңғы бөлігінде өткен.

Жаңа қызметіне сайланған Ш.Мүтәліп ҚБФ алдындағы міндеттерді бірлесіп орындаудың маңыздылығын атап өтті. Сондай-ақ, ол өзіне сенім артқан Қауымдастық мүшелеріне алғыс білдіріп, ортақ мақсатқа жету жолында өзінің бар күшін салатынын  айтты.

«Маған жүктелген жауапкершілікті сезіне отырып, Қазақстан боксын әрі қарай дамытуға, спортшыларымызға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың мүддесін қорғауға, ҚБФ ролін ел ішінде және халықаралық деңгейде арттыруға бар күшімді саламын. Биыл өтетін маңызды додалар қарсаңында команданың алдында үлкен бір мақсат тұр. Өз тарапымыздан дайындыққа қажетті барлық жағдайды жасауды жалғастыра береміз. Бірлесе еңбек ету арқылы отандық бокстың әлемдік аренадағы беделін нығайта түсеміз», - деді ҚБФ жаңа президенті.

Айта кететін жайт, Шахмұрат Мүтәліп 1990 жылы 18 қыркүйекте Алматы облысы Казцик ауылында дүниеге келген. Экономика ғылымдарының магистрі, Куала-Лумпурдағы (Малайзия) Азия-Тынық мұхиты университетінде (APU) білім алған. Кәсіпкер, «Integra Construction KZ» ЖШС иегері.

Бұған дейін федерацияны басқарған Кеңес Рақышев бұл қызметке 2019 жылдың қазан айында сайлаған болатын. Оның тұсында отандық боксшылар Токио Олимпиадасына қатысып, ең төменгі нәтиже көрсетті. Ал 2021 жылы әлем чемпионатында боксшылары 2 алтын, 2 күміс, 1 қола, ал 2023 жылы 4 алтын, 1 күміс медаль иеленді. Сондай-ақ, Азия Ойындарында ерлер құрамасы 1 күміс, 1 қола медальмен елге оралды.