Жарнама
Жарнама

«Менің бір қуанатыным». Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады

Редактор
09.01.2026, 11:35

Мен әрқашан таза спортты қолдаймын

Фото: No Limit Boxing

Қазақстандық кәсіпқой боксшы, орта салмақта WBO және IBF тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлы допинг дауына байланысты жанкүйерлерге үн қатты. Ол В сынамасының ресми нәтижесі жарияланбай тұрып, әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді.

Боксшы алдымен өзін қолдап отырған жанкүйерлерге алғыс айтты:

«Қолдап жатқан спортшы бауырларым мен жанкүйерлерге ерекше алғыс айтамын. Шетелдіктер дауға қуанып жатқанда, өз қазағым қасымнан табылып, таза екенімізге сенім білдіріп жатқаны жаныңа демеу болады екен. Менің бір қуанатыным – бокс мансабымда жаман жанкүйер жинамаппын. Қиындықта да қолдайтын нағыз жанкүйерім бар. Бұл спортшы үшін үлкен бақ», – деп жазды ол.

Айта кетейік, желтоқсан айына жоспарланған кезекті жекпе-жек алдында алынған допинг сынамасының нәтижесі бойынша дау туындаған болатын. Осы жағдайға байланысты Жәнібек Әлімханұлы да өз ұстанымын ашық жеткізді:

«Мен әрқашан таза спортты қолдаймын. Мұны жақсы білесіздер. Таза спортты үнемі насихаттап келемін», — деді чемпион.

Осы оқиғаға байланысты орта салмақтағы жылдың басты айқасы – Жәнібек Әлімханұлы мен Эрисланди Лара арасындағы жекпе-жек ресми түрде өтпейтіні белгілі болды. Қазіргі таңда Лара WBA тұжырымы бойынша әлем чемпионы саналады.

Ұйымдастырушылар жекпе-жек тоқтатылғаннан кейін кубалық боксшыға жедел түрде жаңа қарсылас тапты. Енді Лара венесуэлалық Йохан Гонсалеспен (36-4, 34 KO) жұдырықтасады.

Еске сала кетсек, Жәнібек Әлімханұлы 1993 жылғы 1 сәуірде дүниеге келген. Әуесқой бокста 2013 жылы әлем чемпионы атанып, сол жылы Азия чемпионатында да алтын жүлдеге қол жеткізген. Қазіргі таңда кәсіпқой бокста оның рекорды – 17 жеңіс, 12 нокаут.

Реклама
Реклама