Жарнама
Жарнама

«Бәрі заңды»: Жәнібек Әлімханұлының менеджері B сынамасын ашу процесі қалай өткенін айтты

Редактор
09.01.2026, 12:44

Сынама зертханаға жіберілген. 

©instagram.com/nolimit_aus

Орта салмақта WBO және IBF нұсқалары бойынша әлем чемпионы атанған қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының (17-0, 12 KO) менеджері допинг дауына қатысты мәлімдеме жасады.

8 қаңтардан 9 қаңтарға қараған түні Қазақстанның кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков спортшының B допинг сынамасының ашылғанын ресми түрде мәлімдеген болатын. Кейін бұл ақпаратты Жәнібек Әлімханұлының менеджері Берік Сұлтан да растады.

Менеджердің айтуынша, процедура АҚШ аумағында халықаралық талаптарға толық сай өткізілген.

«Екінші сынама бүгін Америкада ашылды. Барлығы талапқа сай өтті. Біздің команда өкілдері пломбалардың ашылуына тікелей қатысты. Процестің заңды, ашық өткенін растады. Қазір сынама зертханаға жөнелтілді. Енді ресми қорытындыны күтіп отырмыз. Нәтиженің қашан дайын болатыны нақты айтылған жоқ», – деді Берік Сұлтан.

Менеджердің сөзінше, Жәнібек Әлімханұлының командасы спортшының таза екеніне толық сенімді.

«Жанкүйерлер Жәнібектің тыйым салынған препараттарды қолданбайтынына сенеді. Өзіміз де таза спортты насихаттаймыз. Көптеген жас боксшылар Жәнібекті үлгі тұтады. Ол – кәсіби спорттың не екенін жақсы білетін, жеті жылдан бері кәсіпқой рингте жүрген чемпион. Қандай дәрумен қабылдап, қайсысын қабылдауға болмайтынын нақты біледі», – деді ол.

Берік Сұлтанның сөзінше, команда ешқашан допинг қолданбаған және болашақта да бұл қағидаттан айнымайды.

«Біз не ішуге болады, не ішуге болмайтынын жақсы білеміз. Бұрын да қолданған жоқпыз, қазір де, алдағы уақытта да қолданбаймыз», – деп түйіндеді менеджер.

Еске салсақ, желтоқсан айының басында Жәнібек Әлімханұлының A допинг сынамасынан тыйым салынған зат анықталғаны туралы ақпарат тараған еді. Осыған байланысты қазақстандық боксшының WBA чемпионы кубалық Эрисланди Ларамен (32-3-3, 19 KO) жекпе-жегі өтпей қалды.

Бұл мәлімет жарияланған бойда Әлімханұлының командасы регламентке сәйкес өз құқығын пайдаланып, B сынамасын ашуды талап етті.

Реклама
Реклама