«Ойыншық емес»: Бақыт Сәрсекбаев көпшілікті алаңдатқан қауесетке нүкте қойды

Редактор
14.01.2026, 22:38

Сәрсекбаев көпшілікті өсек пен қаңқу сөздерге ермеуге шақырды

әлеуметтік желі

Қазақстан жастар құрамасының бас бапкері Бақыт Сәрсекбаев әлеуметтік желіде мәлімдеме жасап, өзіне қатысты тараған қауесеттер мен алыпқашпа әңгімелерге нақты жауап берді.

Маман ең алдымен құттықтап жатқан жандарға алғыс айтып, артылған сенімді ақтауға бар күшін салатынын жеткізді. Оның айтуынша, іссапар кезінде журналистер тарапынан түрлі сыбыстарға байланысты сұрақтар жиілеген.

«Құттықтап жатқан баршаңызға рахмет! Артқан сенімдеріңізді ақтауға тырысамын. Іссапарда жүрсем, журналистер қоңырау шалып, түрлі қауесеттерге қатысты пікір сұрайды. Әркімнің өз ойы бар, айтуға құқығы бар, бірақ мен барлық адамға бірдей ұнай беретін күміс теңге емеспін ғой», — деді ол.

Сәрсекбаев көпшілікті өсек пен қаңқу сөздерге ермеуге шақырып, ұлттық құраманың бас бапкері Нұржан Насановқа қолдау білдірудің маңызын атап өтті.

«Ағайын, көп өтірік өсек пен қаңқу сөздердің тарауына жол бермейік. Мойнына үлкен жауапкершілік артылған Нұржан бауырымыздың көңілін түсірмей, аяғынан шалып емес, қолдау білдірейік. Қайрат ағамызға мықты денсаулық тілейік», — деп жазды ол.

Жастар құрамасының бас бапкері өзін Насановтың орнына келеді деген әңгімелерді де жоққа шығарды.

«Енді “Насановты Сәрсекбаев ауыстырады екен” деген сыбыстарға бүгін нүкте қояйын. Бас бапкерді ауыстыру — ойыншық емес, бұл стратегиялық маңызы өте жоғары шешім», — деді Сәрсекбаев.

Оның айтуынша, өткен жыл қазақ боксы үшін оңай болмаған.

«Өткен жыл қазақ боксы үшін жеңіл болған жоқ. Қайрекеңнің денсаулығы сыр бергені рас, бірақ нәтиже көрсеткен бапкерді Азия ойындары алдында ауыстыра салатындай федерация басшылары да ойланбай әрекет етпейді», — деп атап өтті ол.

Сондай-ақ алдағы Олимпиадаға дейін кадрлық өзгерістер болмайтынын айтты.

«Олимпиадаға екі жыл қалғанда ешкім де ауыс-түйіс жасамайды. Мен Насановтың орнына көз тігіп тұрған жоқпын, өзіме сеніп тапсырылған жастар құрамасымен нәтижелі жұмыс істегім келеді», — деді бапкер.

Сөз соңында Бақыт Сәрсекбаев боксты өмірінің ажырамас бөлігі санайтынын жеткізіп, Нұржан Насановқа сенім білдірді.

«Қазақ боксының қай саласында жүрсем де ризамын. Бокс — менің өмірім. Қазақ боксына қызмет етсем болды.
Нұржан Насанов — өте білікті маман. Құрамада жүргеніне біраз болды, әрбір боксшыны жақсы таниды. Алда әлі талай нәтиже көрсететініне сенемін, сәттілік тілеймін. Ендігі жерде бокс басында жүрген азаматтарды бір-біріне қарсы қоюды тоқтатайық. Өтініш!»

Реклама
Реклама