Кездесуде орта салмақта уақытша әлем чемпионы атағы сарапқа салынады.
Орта салмақта WBO тұжырымы бойынша уақытша әлем чемпионы атағы сарапқа салынатын жекпе-жек күні анықталды.
Британиялық Дензел Бентли (21-3-1, 17 КО) мен венесуэлалық Эндри Сааведра (17-1-1, 14 КО) арасындағы айқас 4 сәуір күні Лондондағы әйгілі O2 Arena аренасында өтеді. Қазіргі таңда WBO рейтингінде Бентли – бірінші, ал Сааведра екінші орында тұр.
Ал осы кездесу жеңімпазы кейін орта салмақтағы WBO нұсқасы бойынша толыққанды әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен (17-0, 12 КО) жұдырықтасуы тиіс.
Еске сала кетейік, допинг-сынамасынан мельдоний табылған Жәнібек бір жылға жарыстардан шеттетілген болатын. Оның дисквалификация мерзімі 2026 жылдың 2 желтоқсанына дейін жалғасады. Осы мерзім аяқталған соң Әлімханұлы уақытша чемпион атанған боксшымен міндетті түрде жекпе-жек өткізуге тиіс.
Айта кетейік, Әлімханұлы мен Бентли бұған дейін 2022 жылы шаршы алаңда кездескен. Ол кезде «Қазақ стилі» 12 раунд қорытындысы бойынша жеңіске жеткен еді.