Ол финалда ағылшын боксшысын жеңді.
Болгария астанасы Софияда өтіп жатқан халықаралық «Странджа» турнирінде (кіші әлем чемпионаты) Қазақстан құрамасы алғашқы алтын медаліне қол жеткізді.
54 келіге дейінгі салмақта ел намысын қорғаған Элина Базарова финалда сенімді жеңіске жетті.
Шешуші жекпе-жекте қазақстандық боксшы Англия өкілі Лорен Маккимен қолғап түйістірді. Үш раундқа созылған тартысты кездесуде Базарова соққыларының дәлдігімен және тактикалық сауаттылығымен ерекшеленіп, төрешілердің ортақ шешімімен (5:0) жеңімпаз атанды. Осылайша, ол турнирдің алтын медалін иеленсе, Макки күміс жүлдені місе тұтты.
Элина Базарова бұған дейін 1/8 финалда Моник Сурачиді 4:1 есебімен ұтса, ширек финалда түркиялық Айшен Ташкыннан 5:0 есебімен басым түсті. Ал жартылай финалда тағы бір қазақстандық Анель Сақыштан айласын асырды - 3:2.
Айта кетейік, Базарова - жастар арасында әлем чемпионы.
«Странджа» турнирі - Еуропадағы ең көне бокс додасы. 2026 жылы жарыс 77-рет ұйымдастырылып отыр. Биылғы бәсекеге Қазақстаннан 39 боксшы қатысқанымен, финалға алтауы ғана жолдама алды.