Жарнама
Жарнама

Қазақстандық танымал боксшының АҚШ-тағы үйі өртенді

Редактор
Бүгін, 11:31

Абырой болғанда, отбасы дін аман.

instagram.com/madiyar.ashkeyev.official

Қазақстандық танымал боксшы Мадияр Әшкеев (14 жеңіс, 1 жеңіліс, 7 нокаут) қиын жағдайға тап болды.

АҚШ-тың Калифорния штатындағы Лос-Анджелес қаласында спортшының отбасы тұрып жатқан үйден өрт шыққан. 37 жастағы боксшы бұл жағдайдың видеосын өзінің Instagram парақшасында жариялап, қасиетті Рамазан айында осындай ауыр сынаққа тап болғанын айтты.

Әшкеевтің айтуынша, ол отбасымен бірге достарының үйіне ауызашарға баруға дайындалып жатқан кезде ыстың иісін сезген. Гаражының есігін ашқанда, үйдің жартысын жалын шарпығанын көрген. Соған қарамастан, ол отбасы мүшелерін қауіпсіз жерге шығарып үлгерген. Көп ұзамай оқиға орнына жеткен өрт сөндірушілер тілсіз жауды ауыздықтады.

Қазір Мадияр Әшкеевтің отбасы уақытша достарының үйінде тұрып жатыр. Бірнеше сағаттан кейін спортшы өрттен кейінгі жағдайды көрсетті және жақындары аман-есен екенін атап өтті.

Желі қолданушылары боксшыға қолдау білдіріп, қаржылай көмек жинауды ұсынғандар да табылды.

Айта кетейік, Мадияр Әшкеев бұған дейін Қазақстан ұлттық құрамасының мүшесі болған. 2014 жылы ол Қазақстан чемпионатының қола жүлдегері атанып, Бүкіләлемдік бокс сериясында (WSB) «Astana Arlans» клубы сапында қола медаль жеңіп алған.

Кәсіпқой рингте Әшкеев 15 жекпе-жегінің 14-інде жеңіске жеткен. Соңғы рет ол 2020 жылдың желтоқсанында шаршы алаңға шықты. Сол кезде ол америкалық Чарльз Конуэллге есе жіберіп, USNBC белбеуінен айырылған еді.

Реклама
Реклама

Материалда: