Жарнама
Жарнама

Джейк Пол әйел боксшыларға арнап жаңа платформа ашты

Редактор
Бүгін, 12:58

Алғашқы турнир 5 сәуірде Лондонда өтеді

Photo: Harry Aaron, Most Valuable Promotions

Америкалық белгілі блогер әрі кәсіпқой боксшы Джейк Пол әйелдер боксына арналға жаңа платформа ашпақшы. Оның иелігіндегі Most Valuable Promotions (MVP) промоутерлік компаниясы күні кеше MVPW-дің іске қосылғанын ресми жариялады.

Ұйым ESPN медиакомпаниясымен көпжылдық келісімшартқа қол қойды. Келісім аясында алғашқы үш турнир 2026 жылдың сәуір және мамыр айларында өтеді. Бұл туралы ESPN хабарлады.

«MVP құрылған сәттен бастап біз әлемдегі ең үздік боксшы қыздардың басын қосатын жаһандық орталық қалыптастыруды стратегиялық мақсат етіп келеміз. Бүгін біз жаңа дәуірге қадам басып отырғанымызды мақтанышпен жариялаймыз», - деді MVP компаниясының тең құрылтайшылары Накиса Бидариан мен Джейк Пол.

Алғашқы турнир – MVPW-01 – 5 сәуірде Лондондағы Olympia Events аренасында өтеді. Бұл – промоушеннің Ұлыбританиядағы бұған дейін жарияланған дебюттік кеші. Кештің басты жекпе-жегінде WBC чемпионы, британиялық Кэролайн Дюбуа мен WBO белбеуінің иегері Терри Харпер жеңіл салмақта (61 кг дейін) чемпиондық белбеулерді біріктіру үшін қолғап түйістіреді.

Сондай-ақ, кардта екінші жеңіл салмақта (55 кг дейін) абсолютті чемпион атағы үшін жекпе-жек өтеді: WBO, IBF және WBC белбеулерінің иегері, британиялық Элли Скотни WBA чемпионы, мексикалық Майели Флореспен кездеседі. Ал Шантель Кэмерон бірінші орта салмақта (70 кг дейін) бос тұрған WBO чемпиондық титулы үшін Михаэла Котасковамен жұдырықтасады.

MVPW пен ESPN арасындағы келісімшарт 2028 жылға дейін жасалған. Промоушен құрамындағы боксшылар қатарында жартылай жеңіл салмақтағы абсолютті чемпион Аманда Серрано, WBC чемпионы Тиара Браун, Эбани Бриджес және басқа да танымал спортшылар бар.

Реклама
Реклама