Жарнама
Жарнама

Жәнібек Әлімханұлының титулы кімге бұйырады? Үміткерлер тізімі пайда болды

Редактор
11.03.2026, 21:43

Ұйым Әлімханұлы міндетті жекпе-жекті өткізе алмайтын болғандықтан осындай шешім қабылдаған.

Instagram/janibek_alimkhanuly

Қазақстандық боксшы Жәнібек Әлімханұлының IBF тұжырымы бойынша әлем чемпионы атағынан айырылғаны туралы бұған дейін жазғанбыз. Осы жайттан соң көпшілікке дивизиондағы чемпиондық белбеуге кімдер үмітті болатыны қызық.

Айта кетейік, Әлімханұлы бір титулынан айырылғанымен, WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атағын сақтап қалды. Бұл ұйым қазақстандық боксшыны тек бір жылға шеттетумен шектелді. Дегенмен WBO нұсқасы бойынша уақытша чемпиондық белбеу үшін жекпе-жек ұйымдастырылатыны туралы айтылды. Алдын ала мәлімет бойынша, бұл атақты Дензел Бентли мен Эрик Сааведра өзара сарапқа салуы мүмкін.

Ал IBF тұжырымы бойынша жағдай әлдеқайда күрделі. Қазіргі уақытта басты үміткердің орны бос тұр. Сондықтан Boxingnews24 басылымы чемпиондық белбеуге таласуы мүмкін боксшылардың есімдерін атады.

Басылым мәліметінше, рейтингтің жоғары сатысында тұрған италиялық Этиноза Олиха (21 жеңіс, 9 нокаут) мен британиялық Шакиэль Томпсон (15 жеңіс, 11 нокаут) негізгі үміткерлер саналады. Олар бос қалған IBF белбеуі үшін басты фавориттердің қатарында.

Дегенмен Томпсон жақын арада Брэд Полспен жекпе-жек өткізуге дайындалып жатыр. Бұл кездесу ай соңында Манчестерде өтеді деп жоспарланған. Сондықтан бұл жағдай IBF белбеуі үшін жекпе-жек ұйымдастыру жоспарына белгілі бір өзгерістер енгізуі мүмкін.

Жалпы, бұл оқиғаның қалай өрбитіні әзірге белгісіз. Жәнібек Әлімханұлы дисквалификация мерзімі аяқталған бойда бірден чемпиондық жекпе-жекке шыға ма, әлде алдымен WBO тұжырымы бойынша міндетті үміткермен кездесуі қажет пе – мұның барлығы алдағы шешімдерге байланысты болмақ.

Реклама
Реклама