Бірінші және екінші орындарды Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары өзара бөліседі
Өзбекстандық былғары қолғап шебері Жавохир Умматалиев Қазақстандағы бірлескен оқу-жаттығу жиыны туралы өз пікірін білдірді. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы баспасөз қызметі хабарлады.
«Мен бұл жиынға алғаш рет қатысып отырмын, бірақ маған өте ұнады. Тек маған ғана емес, барлығына ұнады деп ойлаймын. Мұнда жаттығу залы да, тамақ та жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жігіттер өте ашық-жарқын, қонақжай халық. Қазақстан туралы бұрыннан білеміз. Боксшылардан Төрехан және Махмұд Сабырханмен жақсы араласамыз. Атқа мініп те үлгердік, қазір жаттығып, жарыстарға дайындалып жатырмыз», - деді Умматалиев.
Оның айтуынша, мұндай бірлескен жиындар Қазақстан, Өзбекстан, Түркия және Түрікменстан спортшылары үшін үлкен тәжірибе береді.
«Алдағы жарыстарда жоғары нәтиже көрсетеміз деп сенемін. Менің ойымша, бірінші және екінші орындарды Қазақстан мен Өзбекстан спортшылары өзара бөліседі», – деп айта кетті боксшы.
Айта кетейік, Жавохир Умматалиев – 2025 жылғы World Boxing ұйымының әлем чемпионы.