Париж Олимпиадасының финалында Нұрбек Оралбайды жеңген Украина боксшысы Александр Хижняк кәсіпқой бокстағы дебютін сәтті бастады. 30 жастағы боксшы колумбиялық қарсыласын бірінші раундта нокаутпен жеңді.
Кәсіпқой бокс кеші Киев қаласына жақын маңдағы демалыс аймағында өткен. Шараны Александр Усиктің промоутерлік компаниясы (Usyk 17 Promotions) ұйымдастырды.
Жекпе-жек бастала салысымен Хижняк өз стилінде жұдырықтасып, соққылар сериясымен тоқтаусыз шабуылдады. Төреші раунд ортасында колумбиялық Вильмер Баронға нокдаун ашқан. Дегенмен, ол аяққа нық тұрып, кездесуді жалғастырды. Ал, бірінші раунд аяқталуға небәрі 15 секунд қалғанда Хижняктың ауыр соққысы Баронды есеңгіретіп, төреші матчты тоқтатуға шешім қабылдады.
Еске салайық, Александр Хижняк Токио Олимпиадасында күміс жүлде иеленсе, Парижде алтынға қол жеткізді.
Ал, оның қарсыласы Вильмер Барон болса кәсіпқой бокста 8 рет жеңіске жетіп, 16 рет жеңілген.