Қазақстандық боксшы әзірге кәсіби рингте жеңіліп көрмеген
Таразда өткен кәсіби бокс кешінде қазақстандық Дулат Бекбауов пен өзбекстандық Абдурасул Исмоиловтан басым түсті.
Жартылай орта салмақта өткен кездесу он раундқа жоспарланғанымен, толық қашықтыққа созылған жоқ. Жекпе-жектің екінші жартысында Дулат Бекбауов басымдық танытып, қарсыласын техникалық нокаутпен жеңді. Жетінші раундтан кейін Абдурасул Исмоилов жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты. Осылайша, жеңіс Бекбауовқа беріліп, ол WBC Greater Turan белбеуінің иегері атанды.
Бұл – Дулат Бекбауовтың кәсіпқой бокстағы үшінші жеңісі. Қазақстандық боксшы әзірге кәсіби рингте жеңіліп көрмеген. Ал Абдурасул Исмоилов мансабындағы төртінші жеңілісіне ұшырады.
Айта кетейік, 31 жастағы Дулат Бекбауов кәсіпқой мансабын 2025 жылы бастап, оған дейін өткізген екі жекпе-жегін де нокаутпен аяқтаған болатын. Әуесқой бокста ол 2023 жылғы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанса, 2022 жылғы Азия чемпионатында да күміс медаль жеңіп алған. Сонымен қатар, Қазақстан чемпионатында үш мәрте алтын медаль иеленген.
Өз кезегінде Абдурасул Исмоилов халықаралық деңгейде тәжірибесі мол боксшы саналады. Оның соңғы айқасы 2025 жылдың ақпанында WBA Asia белбеуі үшін өтіп, онда ресейлік Артур Субханқұловқа төрешілердің бірауызды шешімімен есе жіберген еді.