Жарнама
Жарнама

Бір салмақта төрт қазақтың жүлдегер атанғанын қалап едім - Айбек Оралбай

Редактор
04.04.2026, 19:43

Боксшы жартылай финалға өтті.

Қазақстан бокс федерациясы

Бокстан Қазақстан құрамасының капитаны Айбек Оралбай Моңғолия астанасы Ұланбатырда өтіп жатқан Азия чемпионатының жартылай финалына шыққан соң сұхбат беріп, жеребенің қалай әсер еткенін айтты.

Ширек финалда отандасымыз Өзбекстан намысын қорғап жүрген этникалық қазақ Арман Махановты төрешілердің шешімімен жеңді. Оның айтуынша, жеребе қазақ боксшылары үшін сәтті түспеген. Себебі бір салмақта бірнеше этникалық қазақ бір-бірімен ерте кезеңде жолыққан.

«Қарсыласым – қазақ бауырымыз. Жеребе біз үшін қолайсыз болды. Арман бұған дейін бір жекпе-жек өткізіп, рингті сезініп үлгерді. Ал мен сегіз күннен кейін алғаш рет шықтым. Бұл фактор да әсер етті. Жалпы, бір салмақта төрт этникалық қазақтың өнер көрсетуі – сирек жағдай. Барлығымыз финалға дейін жетіп, жүлдегер атансақ деген ой болды. Бұл қазақ боксы үшін үлкен жетістік болар еді», – деді ол.

Сондай-ақ ұлттық құрама капитаны кездесудің жоғары деңгейде, өзара құрмет аясында өткеніне тоқталды.

«Рингте қарсылас болғанымызбен, сыйластық сақталды. Үшінші раундта қарсыласым шынтақпен ұрып жіберді, бірақ бірден кешірім сұрады. Біз үшін бұл – қалыпты жағдай. Лас бокс болған жоқ. Арман – болашағы зор боксшы. Алдағы уақытта әлем чемпионаты немесе Олимпиада финалында кездесіп жатсақ, бұл да қазақ боксының жетістігі болар еді. Қолдау білдірген барша жанкүйерге алғыс айтамын. Азияның үш дүркін чемпионы атану үшін бар күшімді саламын», – деді Оралбай.

Айбек Оралбай жартылай финалда Оңтүстік Корея өкілі Чжу Тэюнмен кездеседі.

Реклама
Реклама