«Жаңа салмақта тәжірибесі аз»: бас бапкер Санжар Тәшкенбайдың жеңісілісін түсіндірді

Редактор
15.02.2024, 10:53
Қазақстан бокс федерациясы

Болгарияда өткне «Странджа» турнирінде күміс жүлдегер атанған Санжар Тәшкенбай туралы бас бапкер Мырзағали Айтжанов пікір білдірді деп жазады Olympic.kz. Бокс маманы Санжардың жаңа салмаққа ауысқанына көп уақыт болмағанына назар аударған.

«Санжар жаңа салмаққа жақында ғана өтті. Оған әлі бір жыл да толмады. Әр спортшының жаңа салмаққа бейімделуі әртүрлі болады. Біздің спортшымыз жас болса да, атағы, шеберлігі бар боксшы. Сондықтан ертерек қалыптасады деп ойлаймыз. Финалда әлемдік деңгейдегі мықты спортшының бірімен кездесті. Ақтық сында да осалдық танытты деп айта алмаймын. Өзіне лайық өнер көрсетті, - деді бас бапкер.

Бас бапкер Мырзағали Айтжанов Санжардың финалдағы қарсыласының қарымды екенін атап өтті. 

«Үнді боксшысы Амиттің жасы да, спорттағы тәжірибесі де үлкен. Санжар Тәшкенбай оның қасында жас бала. Бәрі алда. Әрбір жарысқа, әрбір нәтижеге күйіп-пісудің қажеті жоқ. Жанкүйерлерден түсіністікпен қарауды сұраймыз. Келешекте Санжардың бұл салмақтағы үздік нәтижелерін көре бастайтынымыз анық», - деді Айтжанов. 

«Странджа» турнирінде қазақстандық боксшылар арасында Дулат Бекбауов (67 келі) алтын, Санжар Тәшкенбай (51 келі) күміс, Тұрсынбай Құлахмет (80 келі) қола жүлдегер атанған еді. Сондай-ақ, ұлттық құрама алда Италияда өтетін лицензиялық турнирге қатысады.