Ол өзбекстандыққа жол берді.
Ұланбатырда өтіп жатқан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасының боксшысы Сағындық Тоғамбай финалға шыға алмады.
90 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен отандасымыз жартылай финалда өзбекстандық Халимжон Мамасолиевпен қолғап түйістірді. Тартысты өткен жекпе-жек қорытындысында төрешілер Мамасолиевті жеңімпаз деп тапты – 4:1.
Осылайша, Сағындық Тоғамбай құрлық біріншілігін қола жүлдемен аяқтады. Ал оның қарсыласы енді чемпиондық атақ үшін рингке шығады.
Айта кетейік, Сағындық Тоғамбай – 2024 жылғы Азия чемпионы. Ол бұл атақты Таиландта өткен құрлық біріншілігінде (ASBC және IBA нұсқасы бойынша) жеңіп алған. Сондай-ақ боксшы 2022 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері атанған.
Азия чемпионаты Ұланбатыр қаласында өтіп жатыр. Бұл аламанға елімізден 20 боксшы аттанған болатын.